Павлодарда дүкенде шыққан дау сотқа дейін жетті, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша істі қараған.
2025 жылғы 16 қаңтарда Н. Павлодар қаласы Лермонтов көшесіндегі дүкеннің кіреберіс есігі мен сөресіне «Обслуживаем только на русском» деген мазмұндағы хабарламаны жапсырған.
«Ол қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн әрекеттер жасаған. Н.-ның кінәсі оның түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, бейнежазбамен, сондай-ақ басқа да іс материалдарымен анықталды. Н. өз кінәсін толық мойындап, өкінді. Ол өз әрекетін оның «Маған «бір фарш» беріңізші» деген өтінішіне сатушының орысша сөйлеуін өтінуімен түсіндірді, бұл оның осы әрекеттерге баруына түрткі болған», — деп жазылған хабарламада.
Сот Н.-ны ӘҚБтК-сі 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, өз кінәсін мойындауын, өкінуін, құқық бұзушылықты алғаш рет жасауын ескере отырып, 55 048 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жазаны тағайындады.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін желіде сатып алушы дүкенге қайтып келіп, дүкеннің кіреберісіндегі есігіне “тек орыс тілінде қызмет көрсетеміз” («Обслуживаем только на русском») деген хабарландыруды іліп кеткені туралы видео тараған болатын.