Қарағандыда В.И. Ленин атындағы кинотеатр мемлекетке қайтарылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
1960 жылы ашылған кинотеатр Қарағандыдағы алғашқы екі залды кең экранды кинотеатр болған.
«Бұл ғимарат қаланың мәдени өмірінің орталығына айналып, жоғары деңгейдегі премьераларды, фестивальдар мен кинофорумдарды көрді. Алайда 1998 жылы нысан тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінен заңсыз шығарылып, кейіннен жекешелендірілген», — деп жазылған хабарламада.
Қазыбек би ауданының прокуратурасы жекешелендірудің заңсыздығын сотта дәлелдеу үшін ұзақ және күрделі жұмыс жүргізген. Сот бірнеше айға созылды.
Бұзушылықтар туралы ұсынылған дәлелдердің арқасында сот кинотеатрды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады.