Болат Назарбаевтың 2000 жылы дүниеге келген Ақбота Назарбаева есімді қызы бар. KursivMedia Ақбота Болатқызының атына тіркелген мүлікті түгендеп шыққан, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Басылым мәліметінше, Ақбота Назарбаеваның атында қазір үш компания тіркелген: RUS Trans Oil ЖШС, BN-E Capital Group ЖШС және Asiabet ЖШС.
«Asiabet букмекерлік компаниясы 2020 жыл құрыла салып, Назарбаеваның атына жазылып, ол құрылтайшы әрі директор болған. Компанияның құмар ойындарын ұйымдастыру және бәс тігу шараларын өткізу туралы рұқсаты бар. Компания Алматы қаласы Қазыбек би көшесінде тіркелген. Ресми тіркелгеніне 5 жыл өткеніне қарамастан, компанияның салық төлегені туралы ақпарат жоқ», — деп жазылған басылым дерегінде.
Мәліметте Назарбаеваның атындағы ең ірі компания деп RUS Trans Oil компаниясы аталады. Ол 2009 жылдың қазан айында құрылған.
«Ақбота Болатқызы 2020 жылы құрылтайшылар қатарына қосылып, 2021 жылы компанияның жалғыз иесіне айналған. Компания Алматыдағы Райымбек даңғылында тіркелген», — деп жазылған ақпаратта
Компания көлік-экспедициялық қызметтер, монтаждау жұмыстары, тауарлардың кең ассортиментін сату, автомобильдер мен жеңіл автокөліктердің көтерме саудасы, қара және түсті металл кендерінің көтерме саудасы және құрылыс-монтаж жұмыстары сынды қызметтер көрсетеді.
«Мемлекеттік кірістер комитетіндегі ақпаратқа сәйкес, компания соңғы рет 2020 жылы салық төлеген. Сол жылдағы салық мөлшері 7 733 теңге болған», — делінеді мәліметте.
Басылым дерегінше, Болат Назарбаевтың балаларына қатысы бар компаниялардың атауында «BN» инициалы (BN – Болат Назарбаев деген мағынада) жүреді. Ақбота Назарбаеваның да атында осы тектес компания бар: ол — BN-e Capital Group ЖШС. Компания 2020 жылы құрылған Назарбаевның атына 2021 жылы өткен.
«2020-2022 жылдары Ақбота Болатқызы Tolagai 2050 атты компанияның 49% үлесіне иелік еткен. Назарбаеваның бұл компанияға қатысы бары бірнеше жобаның жұмысында қате шыққанда жария болды», — деп жазылған мәліметте.
Дерекке сүйенсек, Tolagai — 2050 компаниясы Солтүстіктегі шекара бекеттері мен бөлімшелерін жаңартуға және қайта салуға жауапты болған мердігер компанияның бірі. Объектілер 2023 жылы тапсырылуы тиіс болған. Алайда мердігер жұмыстың 60%-ын ғана орындағандықтан, жобаны тапсыру 2025 жылдың соңына қалдырылған. Тіпті Шекара қызметі осы мәселеге байланысты шара қолдануды сұрап, жауапты билік өкілдеріне бірнеше рет шағымданған.