Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясына ресми дипломатиялық нота жолдады. Шұғыл шараға Ресей аумағына жұмыс істеуге барып, алдау арқылы майдан даласына аттанған қазақстандық азаматтардың бейнеүндеуі түрткі болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күзетке барамын деп, майданнан бір-ақ шыққан
Әлеуметтік желіде Ресей әскерінің қатарында жүрген отандастарымыздың жанайқайы тарады. Олардың арасында Шымкент қаласының 20 жастағы тұрғыны Айнабек Келдібек те бар. Жақында ғана әскерден оралған жас жігіт табыс табу мақсатында Ресейге вахталық әдіспен күзетшілікке кеткен.
Жас жігіттің айтуынша, орыс тілін жетік білмегендіктен, өзіне ұсынылған құжаттардың нақты мәнін түсінбей қол қойып жіберген. Осылайша бейбіт жұмыс іздеп барған жігіт қарулы қақтығыс аймағынан бір-ақ шықты.
«Мұнда алданып келдім. „Барыс“ күзет агенттігіне жұмысқа шақырған соң, үш жігіт бірге келгенбіз. Сеніп, құжаттарға қол қойдық. Соңынан бізге „не соғысқа барасыңдар, не түрмеге жабыласыңдар“ деп шарт қойды. Қорықтық, барар жер қалмаған соң амалсыз осында қалдық. Қазір елге, үйге қайтудың амалын қарастырып жатырмыз», – деді Айнабек Келдібек.
«15 жылға сотталасың деп үркіткен»
Сарбаздың анасы Перизат Елеусізова ұлын құтқарып, аман-есен елге қайтару үшін көмек сұрап отыр. Оның сөзінше, ұлына жалақысы жақсы қарапайым күзетшінің жұмысын уәде еткен. Кейін әскери келісімшартқа алдап қол қойғызып, бас тартқан жағдайда ұзақ жылға сотталатынын айтып бопсалаған.
Қасірет шеккен ана ұлының күн сайын хабарласып, көмек сұрап жылайтынын жасырмады.
«Баламды қорқытқан. Егер майданға бармасаң, 15 жылға түрмеге жабамыз деп үркіткен екен. Ол қорыққанынан солардың соңынан еруге мәжбүр болған. Енді күнде телефон соғып, жылап, өзін құтқаруды өтініп жүр», – деді сарбаздың анасы Перизат Елеусізова.
Сыртқы істер министрлігінің әрекеті
Орын алған жағдайға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапына арнайы нота жолдап, мәселені тікелей бақылауға алғанын мәлім етті. Ресми хабарламада көрші мемлекетпен бірлескен келіссөздер жүріп жатқаны көрсетілген.
«Аталған мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресейлік тараппен тиісті жұмыстар жалғасуда, нәтижелері туралы қосымша хабарланады», – делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде.
Дипломаттар қазіргі уақытта жауынгерлердің туыстарымен тығыз байланыс орнатып, оларды Отанға қайтару бағытында келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ жақындары осындай жағдайға тап болған өзге де азаматтарды уақыт созбай ҚР Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне немесе бас консулдықтарына жүгінуге шақырды. Ол үшін азаматтардың аты-жөнін, туған күні мен шамамен қай жерде екенін нақты көрсету қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







