Қазақстанда саяси реформалар терең институционалдық өзгерістерге ұласпаса, ел ондаған жылдар бойы сыбайлас жемқорлық пен басқару дағдарысынан арыла алмайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев берген сұхбатында мемлекеттік басқарудың қазіргі жай-күйі, транзиттік кезеңнің осал тұстары, азаматтық қоғам мен билік арасындағы алшақтық жайлы сөз қозғады. Сарапшы елдің дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі түйткілдерді сараптап, мемлекетті тығырықтан шығаруға қажет төрт басты бағытты айқындап берді.
Сыбайлас жемқорлық – басқару құралы
Саясаттанушының пайымдауынша, Қазақстанда қалыптасқан жүйе өзгеріссіз қалса, алдағы жарты ғасыр немесе бір ғасырда да түбегейлі жаңару болмайды. Себебі жемқорлық мемлекеттік басқару тетіктерінің ажырамас бөлшегіне айналып, элитаны бақылау мен ресурстарды бөлісудің басты тетігі ретінде орныққан.
«Егер соңғы 30 жыл бойы қалыптасқан саяси және экономикалық жүйе сол күйінде сақтала берсе, ал мен әзірге оң өзгерістер үрдісін көріп тұрған жоқпын, онда осы инерцияның салдарынан 50 немесе 100 жыл өтсе де жемқорлық елді басқарудың негізгі құралы болып қала береді. Біз үшін ең үлкен қатер де осы, себебі сыбайлас жемқорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп», – деді саясаттанушы.
Күштік құрылымдар және азаматтық қоғам
Сәтпаев биліктің азаматтық белсенділік пен саяси балама пікірге деген көзқарасын өткір сынға алды. Авторитарлық басқару моделінде мемлекет пен билік ұғымдары шатастырылып, қарапайым халық тек үнсіз көпшілік немесе кедергі ретінде қабылданады. Мұндай жағдайда күштік органдар адам құқығын қорғаудан гөрі, жүйені сақтап қалудың құралына айналады.
«Авторитарлық жүйенің тірегі – шенеуніктер аппараты, күштік құрылымдар және олигархтар. Мұндай ортада күштік құрылымдар қарапайым азаматтардың құқығын қорғамайды, олар биліктің қолындағы шоқпар рөлін атқарады. Олардың басты назары әу бастан қоғамдағы өзгеше ойлайтын, биліктен ашықтық пен әділдікті талап ететін белсенді азаматтарды тұншықтыруға бағытталған», – деп түсіндірді ол.
Қазақстанға «ескі» не «жаңа» емес, қалыпты жүйе қажет
Қоғамды «ескі» және «жаңа» деп жасанды түрде бөлу шын мәніндегі реформаның орнын баса алмайды. Елге ең алдымен нәтижеге жұмыс істейтін технократиялық үкімет, әділ сайланған парламент және тиімді менеджмент қажет. Шенеуніктерге қойылатын басты талап – жоғары жауапкершілік, лайықты жалақы және заң алдындағы теңдік болуға тиіс.
«Бізге ескі де, жаңа да емес, қалыпты Қазақстан қажет. Ол үшін шынайы бәсекеге қабілетті саяси орта құрылып, парламентке билікке жағымпазданғандар емес, халықтың түрлі топтарының мүддесін қорғайтын азаматтар келуі шарт. Үкіметке технократтар керек. Шенеуніктерге лайықты жалақы төленіп, лауазымына қарамастан заң бұзған кез келген адамды жауапқа тарта алатын әділ құқық қорғау жүйесі жасақталуы тиіс», – деп атап өтті спикер.
Әлсіз институттар және билік транзитінің қателігі
Сарапшы Президент Тоқаевтың бұрынғы мемлекет басшысының қателігін қайталап отырғанын жеткізді. Кез келген автократияның басты қателігі – мықты саяси институттардың орнына бір ғана мұрагерге сенім артуы. Егер сот жүйесі, саяси партиялар, тәуелсіз медиа мен жергілікті өзін-өзі басқару дамымаса, билік ауысқан сайын саяси дүмпулер мен элитааралық тартыстар қайталана береді.
«Тоқаев Назарбаевтың қателігін қайталап, саяси институттарды күшейтуден қорқып отыр. Ол күшті әрі тәуелсіз парламентті, еркін партиялар мен мықты сот жүйесін қаламайды, бәрін қолдан басқарғысы келеді. Саясат ашық алаңнан көлеңкелі дәлізге көшкенде, елді қауесет пен элиталық тартыстар билейді. Ал сот жүйесі мен қоғамдық институттары әлсіз елде билік ауысқан кезде бұрынғы мәселелер мен қақтығыстар міндетті түрде қайта жарылады», – деп қорытындылады Досым Сәтпаев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







