Атырау қаласында экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарын үнемдеу және ауылдық бағдарламалардың орындалуы бойынша өткен кеңейтілген жиында ірі өндіріс ошақтарына экологиялық бақылауды күшейту тапсырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиынға жауапты министрліктердің, облыс әкімдігінің және аймақтағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Басқосуда мұнайлы өңірдің ауа сапасын бақылау, Жайық өзенінің суын үнемдеу және кәріздік тазарту нысандарын жаңғырту мәселелері өткір қойылды.
Бірыңғай жүйе және табиғи ресурстарды үнемдеу
Қазіргі таңда Атырауда ауа сапасын қадағалайтын «Қазгидромет» бекеттері, NCOC компаниясының экологиялық бекеттері мен Атырау мұнай өңдеу зауытының датчиктері өзара байланыспаған. Вице-премьер барлық мәліметтерді бір арнаға тоғыстыратын автоматтандырылған ортақ жүйе құруды және өндіріс нысандарындағы бақылау құралдарының желісін кеңейтуді міндеттеді.
Сонымен қатар зауыттардың Жайықтан алатын таза су көлемін азайтып, айналымды су жүйесіне көшу барысы сөз болды. Мұнай өңдеу зауыты жаңғыртудан кейін өзеннен су алуды 8,4 миллионнан 6,6 миллион текше метрге дейін қысқартқан, алдағы уақытта осы көрсеткішті 4,6 миллион текше метрге дейін төмендету жоспарланған. Сондай-ақ қаланың оң және сол жағалауындағы кәріздік тазарту имараттары мен көптен бері шешілмей келе жатқан «Сасық сай» (Тухлая балка) булану алаңы бойынша бір ай ішінде нақты шешімдер қабылдау жүктелді.
Бозымбаев отандық және шетелдік экологтардың қатысуымен арнайы жұмыс тобын құрып, өңірдегі экологиялық қауіпсіздік пен Каспий теңізінің таяздануына қарсы жол картасын әзірлеуді тапсырды.
«Ауыл аманаты»: Атырауда бірде-бір жоба мақұлданбаған
Кеңесте ауыл халқының табысын арттырып, шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» мемлекеттік жобасының өңірде өте баяу жүріп жатқаны қатты сынға алынды. Өткен жылға бөлінген қаржының 72,6 пайызы ғана игерілсе, биылғы мамырда аударылған қосымша қаражаттан әлі күнге дейін бірде-бір жоба мақұлданбай, бірде-бір теңге игерілмегені әшкере болды.
«Бұған дейін берілген нақты тапсырмаларға қарамастан, өңірдегі жұмыс әлі де өте төмен қарқынмен жүріп жатыр. Мұндай жағдай жауапты лауазымды тұлғалардың өз міндеттерін тиісінше орындамай отырғанын және мемлекеттік жобаға жеткілікті көңіл бөлмейтінін көрсетеді», – деді Қанат Бозымбаев.
Лауазымды тұлғаларға жауапкершілік жүктеледі
Үкімет басшысының орынбасары Ұлттық экономика министрлігіне бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды. Егер қазан айының қорытындысы бойынша қаражатты игеру қарқыны оңалмаса, осы салаға тікелей жетекшілік ететін саяси мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс енгізілмек.
Жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның (ӘКК) қызметі де сынға ұшырады. Вице-премьер кәсіп бастауға ниетті ауыл тұрғындары үшін артық қағазбастылық пен бюрократиялық кедергілерді шұғыл жойып, микронесие беру тәртібін жеңілдетуді қатаң талап етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







