4 ақпанда Қазақстанның Көлік министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу туралы алдын ала есеп жариялады. ErtenMedia.kz осыған орай белгілі авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың пікірін сұрады.
«Он күнге созып алды»
Сарапшының сөзіне сенсек, Қазақстанның Көлік министрлігі халықаралық талаптарға сәйкес отыз күннің ішінде жариялайтын алдын ала қорытындыны он күнге созып алған.
«Бұл — елдердің арасындағы қарқынды жұмыс өтіп жатқанының көрсеткіші. Келіспеушіліктер болуы мүмкін, кейде сараптама қажет ететін жағдайлар да болып жатыр. Сондықтан әуе апатына алып келген себептерді нақтылап алу үшін көптеген зерттеу, оған қоса әскери мамандарды қосу қажет. Қандай бөгде элементтер болғанын, қандай қару немесе дронның зарядтары болуы мүмкін — соның бәрін нақтылап, сараптама жасау керек. Оған қоса осындай жағдай болған аймақтарға, GPS жұмыс істемейтін, дрондар ұшатын жерлерге қатысты Халықаралық әуе қауымдастығында үлкен сұрақтар туындап жатыр», — дейді ол.

Толық тергеу қашан аяқталмақ?
Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың айтуынша, енді апаттың қорытынды тергеу нәтижелерін күту керек.
«Халыхаралық талаптарға сүйенетін болсақ, 12 айда толық тергеуді өткізіп, қорытынды шығару керек. Өкінішке қарай, тәжірбимізде тергеуді бірнеше жылға созған жағдайлар болған. Мысалы Алматыдағы БекЭйр ұшағының апатын тергеу 3 жыл өткізілген, әлі де сұрақтар туындап жатыр», — дейді ол.
Маман тергеу барысында әр тараптың өзіндік көзқарасы болатынын жеткізді.
«Әзербайжан мен Ресейдің мамандары әуе апатының тергеу жұмыстарына қатысып жатыр. Оған қоса Бразилияның және ИКАО-ның сарапшылары да кеңесші және бақылаушы болып тергеу жұмыстарына қарқынды қатысып жатыр. Олардың бейресми көзқарасы болуы мүмкін, бірақ қорытынды тергеу нәтежелерін даярлау жұмыстары қарсаңында толықтырып, пысықталады», — деді ол.

«Тергеуді Әзербайжанға беретін мүмкіндік болды»
Абыл Кекілбаев Қазақстанның тергеу жұмыстарын Әзербайжанға беретін де мүмкіндігі болғанын мәлімдеді.
«Әуе апатын тергеу жұмыстарын Әзербайжанға беруге мүмкіндік болды, ондай мүмкіндік біздің заңнамаларымызда да қарастырылған, себебі ұшақ және авиакомпания Әзербайжан елінде тіркелген. Бірақ біздің мамандарымыздың осалдығына қарамастан, әуе апатының авиациалық тергеу жұмыстарын біздің мамандар басқарып жатыр», — деді Кекілбаев.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. 29 адам аман қалды.