Жамбыл облысында ауыр қылмысты жасыру дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мән-жай
Байзақ ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасарына қатысты ҚК-нің 433-бабының 2-бөлігімен ауыр санаттағы қылмысты қасақана жасырды деген күдікпен соталды тергеп-тексеру басталды.
«Ол 10 700 000 теңге қаражатты жымқыруға қатысты арызды соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркемеген. Жиналған дәлелдемелердің жиынтығымен күдіктінің іс-әрекеті ҚК-нің 433-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен сараланды (ауыр қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасыру)», — деп жазылған хабарламада.
Күдікті полиция қызметкері ҚПК-нің 128-131-баптарының тәртібімен ұсталып, оған сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкциялады. Соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Қандай жаза қолданылуы мүмкін?
Бас прокуратура ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпаратты жарияламады. Дегенмен қылмысты есептен жасыру үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін ескертті.