Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қазақстандағы жердің шөлейттену мәселесіне назар аударды. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
18 ақпанда Мәжілісте топырақты қорғау туралы заң жобасы таныстырылды, талқылау барысында депутат Бақытжан Базарбек еліміздегі кейбір жерлер шөлге айналғанын айтып, дабыл қақты.
«Бізде топырақ деградациясы деген проблема бар. Нақты айтайық: еліміз БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына қосылған. Онда тараптар өз заңдарында бұл мәселені айқын көрсетуге міндетті деп көрсетілген. Осы заң жобасында шөлейттенуге қарсы кешенді шаралар қабылдап, оларды іске асыруға тиіспіз. Әйтпесе ауыл шаруашылығы жерлерінің жартысынан айырылып, Қазақстанды Сауд Арабиясына айналдырып аламыз. Болашақта аграрлық секторды мүлде ұмытуымыз мүмкін. Осындай қауіп күтіп тұр», – деді ол.
Базарбек заң жобасына нақты ұсыныстар енгізетінін мәлімдеді.
Топырақ деградациясы – дұрыс пайдаланылмаған жердің құнары жоғалатын күрделі процесс. Бұл кезде жердің физикалық, биологиялық және химиялық жағдайы бұзылады.
Бұл бағыттағы заң жобасын Парламент депутаттары әзірлеген. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мемлекеттік жер инспекциясы институты келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстанда 29,9 миллион гектар жер деградацияға ұшыраған. Топырақтың құнарлығы 17 пайызға төмендеп, ал суармалы алқаптардағы сортаңданған жер көлемі 35-37 пайызға өскен. Соның салдарынан егін өнімділігі кеміп отыр.