Ақтөбе облысындағы төтенше жағдай салдарынан шахтада төрт кенші жарақат алды, – деп хабарлайды ErtenMedia.
28 ақпанда Хромтаудағы Дон тау-кен байыту комбинаты шахтасының өндіру блогында бұрғылау жұмыстары кезінде төтенше жағдай тіркелді. Ресми мәліметтерге сәйкес сутегі бөлінуі салдарынан төрт қызметкер зардап шеккен.
«Төрт кенші Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Олардың екеуі травматология бөліміне жатқызылды, біреуі амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді, ал бір кенші ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Оқиға бойынша тергеу басталды
Полиция оқиғаға қатысты соталды тергеу жұмыстарын қолға алды.
«Тау-кен немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелері бұзылуына байланысты соталды тергеп-тексеру басталды», – деп мәлімдеді Ақтөбе облысының Полиция департаментінің өкілі.
Алдыңғы шахта апаты
Айта кетейік, биыл 17 ақпанда Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде қайғылы оқиға болды. Оқиға салдарынан жеті қызметкер үйінді астында қалып қойды.
18 ақпанда Төтенше жағдайлар министрлігі жеті кеншінің қаза тапқанын растады.