Экс-шенеунік, AMANAT партиясының бұрынғы мүшесі Серікқан Жақұпов жеті жасар баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, — деп хабарлайды ErtenMedia Orda.kz-ке сілтеп.
Басылым мәліметінше, оқиғаның ең жантүршігерлік тұсы жәбір көрген бүлдіршін Жақұповтың өз әйелінің туған жиені болып шықты. Сотқа дейін оның әйелі күйеуінің мұндай қылмысқа барғанына сенбей, темір торға тұрақты түрде тамақ тасып тұрған екен.
Жақұповтың аты бұрын облыстағы лауазымды тұлға ретінде белгілі еді: ол Ақсу ауданы әкімдігінің аппаратын басқарған, кейін аудандық мәслихат депутаты болып сайланған. AMANAT партиясында жүргенде мемлекеттік қызметкерлердің әдеп мәселелеріне жауапты болған адам екені де көпшіліктің ашуын тудырды.
AMANAT партиясы бұл жанжал басталысымен-ақ Жақұповтан дереу іргесін аулақ салып, оның партиядан «өз еркімен» тамызда шығып кеткенін мәлімдеген болатын.
«Қоғамды дүрліктірген осы оқиға биліктегі адамдардың бетпердесінің арғы жағында қандай «құбыжық» жасырынғанын көрсеткендей болды. Әсіресе, этикаға жауапты болған бұрынғы аманаттықтың бұл қылмысы елдің билік пен қоғамға деген сенімін тағы бір мәрте шайқалтты. Соттың қатаң үкімі де осыны аңғартса керек», — дейді сарапшылар.