Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапарымен барып, бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысанда болды. Ол көктемгі су тасқынына дайындық барысын бақылап, жылу қазандығының жұмысымен танысты,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Былтыр көктемде Аягөз өзені ернеуінен асып, бірнеше ауланы су басқан болатын. Өткен жылы қауіптің алдын алу үшін өзен жағалауын бекіту жұмысы жүргізілді. Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын өзендегі су деңгейін қадағалаудан бастап, жергілікті атқарушы билікке үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
«Су басу қаупі бар облыстардың қатарында тұрмыз. Сондықтан тасқынға дайындық жұмысын күшейту қажет. Аягөз өзенінің арнасын кеңейту мәселесін ойластырыңыздар. Тиісті ұсыныс беріңіздер»,- деді облыс әкімі.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өңірдегі қырық бес елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл аймақтарда төрт мыңға жуық халық тұрады. Қазіргі таңда әсіресе Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті аудандарындағы 20 ауылда қауіп сақталуда.