Жетісу облысында мүгедек жандар үшін ғимараттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 69%-ға жетті. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық жұмыспен қамтулы үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2022-2024 жылдар аралығында облыс аумағындағы 625 нысан мүгедек жандардың кіріп-шығуына бейімделген. Биыл мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің шамамен 195 нысанын бейімдеу жоспарда бар. Мемлекеттік нысандар үшін бюджет қаржысы қарастырылған.
Сонымен қатар инватакси көлігінің саны соңғы екі жылда екі есеге өсті. Облыс көлемінде қазір 32 инватакси қызмет көрсетіп жүр. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарды қажетті техникалық құрылғылармен қамтамасыз етуге қаржы бөлінеді.
Жалпы облыс бойынша мүгедектігі бар азаматтарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 13 мекеме жұмыс істейді. Алдыңғы жылы Алакөлдің жағасындағы аудандық әкімдіктің резиденциясы мүгедек балаларға арналған оңалту лагеріне берілді. 2023 жылы «Қамқорлық» қорымен бірлесіп, аутизм және психикалық дамуында басқа да ауытқушылығы бар балаларға арналған орталық ашылды. Талдықорған қаласында мүгедектерге арналған «Асар» сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Оған мемлекеттік қолдау тұрақты көрсетіліп келеді. Ал биыл облыс орталығында 150 орынды тағы бір оңалту орталығының құрылысы басталады.
Жалпы өңірде инклюзивті орта қалыптастыру жұмыстары осындай бірнеше бағыттарда жүріп жатыр.