Шымкентте алғаш рет өткен Usta Fest халықаралық фестивалі ұлттық қолөнерді заманауи кеңістікке шығарып, қала тұрғындарына нағыз шығармашылық мереке сыйлады. Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген ағаш пен металл шеберлері Арбатта жұрт көзінше өнер туындыларын жасады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Оннан астам ұста бірнеше күн бойы қарапайым бөрене мен темірді көркем композицияға айналдырды. Олардың туындысынан Шымкенттің мінезі, ұлттық мәдени мұра, еркіндік, достық пен ел бірлігі көрініс тапты.
Қатысушылар арасында ағаш мүсін жасаудан әлемдік чемпионаттарда жеңіске жеткен кәсіби шеберлер де болды. Олар қала тұрғындарына мүсіннің дайын нұсқасын ғана емес, оның қалай өмірге келетінін көрсетті. Балалар ағаш жону мен темір илеу үдерісін жақыннан тамашалады.
Қарағандылық Ерсентемірғали күбі пісіп, май шайқап отырған әженің мүсінін жасады. Шебер осы бейне арқылы қазақы тұрмысты, ананың мейірімін және атадан балаға жалғасқан дәстүрдің құнын жеткізуге ұмтылған.
Бұған дейін «Қазақ барысы» мүсініне алты ай уақыт жұмсаған өнер иесі Usta Fest ұлттық қолөнерді кеңінен танытуға жол ашатынын айтты. Оның туындысы көнеден жеткен тұрмыстық көріністі қазіргі қалалық ортаға үйлестірген ерекше жұмысқа айналды.
Шымкенттік ұста Абдулла Наурызбаев темірден елдің тыныштығы мен берекесін бейнелейтін композиция әзірледі. Ол шығармасына «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген қазақы ұғымды арқау етіп, бейбіт өмірдің қадірін көркем тілмен жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







