Арғын Нығматулин – белгілі қазақстандық кәсіпкер және спорт қайраткері, Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты, сондай-ақ, Нұрлан және Ерлан Нығматулиндердің ағасы. Оның Қазақстандағы және шетелдегі негізгі активтері белгілі болды, — деп хабарлайды ErtenMedia Shishkin like арнасына сілтеп.
Спорттағы активтері:
- “Сарыарқа” хоккей клубы: Арғын Нығматулин 2009-2018 жылдары Қарағандының “Сарыарқа” хоккей клубын басқарды және Қазақстан хоккей федерациясының тең құрылтайшысы. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері атағына ие. 
- Doszhan Sport мұз айдыны: Арғын Нығматулинге тиесілі “Nbn Inc.” ЖШС арқылы Қарағанды қаласындағы Республика даңғылында орналасқан Doszhan Sport мұз айдыны және оның астындағы 0,5 гектар жер телімі бар. Компания 2018 жылы тіркелген және өз меншігіндегі жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады. 
Басқа да бизнес активтері:
- “N.A.Z.” шаруа қожалығы: Арғын Нығматулиннің жеке кәсіпкер ретінде тіркелген бұл шаруа қожалығы Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында орналасқан және негізінен жылқы өсірумен айналысады. 
Отбасы мүшелерінің активтері:
- Амина Нығматулина: Арғын Нығматулиннің қызы, 2020 жылдан бері Қарағандыдағы қонақ үй бизнесімен айналысатын “Future Generation” ЖШС-нің иесі. Бұл компания Tumar Apart Hotel қонақ үйін басқарады деген ақпарат бар. 
- Найля Бельбаева: Арғын Нығматулиннің жұбайы, оның атына Дубайдағы Bahar кешенінде 70 шаршы метрлік пәтер тіркелген. Бұл мүліктің құны — шамамен 380 мың доллар. 
Айта кетейік, 3 наурызда Арғын Нығматулинге іздеу жарияланып, ол және басқа тұлғалар Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.