Бүгін — Рамазан айының төртінші күні. ErtenMedia 2025 жылғы оразаға қатысты ең маңызды сауалдардың жауабын ұсынады.
Рамазан қандай ай?
Ислам күнтізбесінде Рамазан — бүкіл әлемдегі мұсылмандар таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ұстайтын тоғызыншы ай. Рамазан – ең қасиетті айлардың бірі. Ораза тек аштықты сезіну емес, сонымен қатар, рухани тазару кезеңі.
Ораза 2025 қашан басталды?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе биыл Рамазан айы басталатын күнді бекітті.
Ортақ пәтуаға сәйкес қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталды. Биылғы ораза 29 күнге созылып, 29 наурызда аяқталады. 30 наурызда Ораза айт басталады.
Рамазан 2025: Қадір түні қашан?
ҚМДБ мәліметіне сүйенсек, 27 наурызға қараған түн — қасиетті Қадір түні. 30 наурыз — Ораза айт мерекесі.
2025 жылғы пітір садақа мөлшері қанша?
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілген.
Қалалардағы Ораза кестесі
Алғаш ауыз бекітіп жатқандар нені ескеруі керек?
Оразаны алғаш рет ұстауға ниеттенген жан үшін оңай болмасы анық. Егер бұрын ораза ұстап көрмесеңіз, бірден кірісу қиын болуы мүмкін.
- Оразада дұрыс тамақтану маңызды. Сәресіде күрделі көмірсулар (ботқа, қара нан, көкөністер), ақуыз (жұмыртқа, ет, сүзбе) және су ішкен жөн. Ал ауыз ашарда асқазанға салмақ түсірмес үшін жеңіл тамақтардан бастау керек (сүт өнімдері, құрма, сорпа). Дұрыс тамақтану сіздің қуатыңызды сақтауға және күні бойы өзіңізді сергек сезінуге көмектеседі.
- Бастапқыда қиындық сезінсеңіз, өзіңізді қинамаңыз, бастысы — ниет пен талпыныс.
- Ораза тек аштықпен шектелмейтінін түсіну маңызды. Бұл — рухани тазару, өз-өзіңді бақылау және ішкі жан дүниеңді дамыту кезеңі. Көптеген адам ораза арқылы жаңа әдет қалыптастырып, өзін жаңа қырынан таниды.
- Егер айналаңызда ораза ұстайтын адамдар болса, олармен бірге ұстау сізге жеңіл болады.
- Әр күніңізді жетістік ретінде қабылдап, өзіңізді мақтап отырыңыз. Ораза ұстау – ерік-жігерді қажет ететін ғибадат, сондықтан кішкентай жеңістіңіз үшін өзіңізді марапаттаңыз.