Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Көлік министрлігін Ресей мен Беларусь өкілдеріне қазақстандық көлік нарығын жаулап алуға көмектесті деп айыптады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Депутат 2024 жылдың 20 қарашасы мен 18 желтоқсанында «Ақ жол» фракциясы ресейлік және беларусиялық бәсекелестердің жосықсыз бәсекелестігіне тап болып, Көлік министрлігінің белсенді араласуымен қазақстандық жүк тасымалдаушылардың мүдделеріне нұқсан келтірілгені туралы депутаттық сауал жолдағанын еске салды.
«Бұл халықаралық тасымалдауға рұқсат бланкілерін берудің жаңа тәртібіне, Қазақстан-Қытай шекарасындағы электрон кезекке, Ресей Федерациясы мен Беларусь аумағы арқылы жүру шарттарына да қатысты (мысалы, қазақстандық жүргізушілерді алмастыру, тек қазақстандық тасымалдаушылар үшін жүкті тиеуге тыйым салу және т.б.).
Нәтижесінде нарықты көршілес ЕАЭО елдерінің ірі компаниялары жаулап алып, негізінен шағын және орта бизнес өкілдері деп саналатын отандық кәсіпкерлер ығыстырылып, жұмысынан айырылуда. Салдарынан, еліміздің транзиттік орналасуы мен Батыс Еуропа-Батыс Қытай жобасына салынған миллиардтаған инвестициядан пайданы қазақстандық тасымалдаушылар емес, өзгелер көріп отыр», — деді депутат.
Оның сөзінше сұраққа жауап алғандарымен, жағдай нашарлап барады, оған осы саладағы 400-ден аса кәсіпкердің жақында жасаған жаңа үндеуі дәлел болып отыр.
«6 қараша мен 26 ақпанда фракция монополист – «Жамбыл электр желілері» ЖШС құдіретін асыра пайдаланғаны туралы сауал жолдады, бұл мекеме «ПОШ Фабрика» ЖШС-ның қосалқы стансасы мен желілері арқылы электр энергиясы транзитінің сомасын қосалқы станцияның иесі мен басқа да тұтынушылар үшін «өз» қызметінің құнына қосып, ол аз болғандай рейдерлік басып алуды көздеп, кешенді өзіне қайтарымсыз түрде беруді талап еткен.
Біздің сауалдарымыз бойынша монополияға қарсы агенттік те, Энергетика министрлігі де заңбұзушылықтарды көріп отырған жоқ, дегенмен бұл анық экономикалық нонсенс: барлық қадағалау органы монополиске басқа тұлғаның көрсеткен қызметі үшін, оның ішінде осы қызметті көрсететін тұлғаның өзінен де төлем алуға рұқсат беріп отыр.
Энергетика министрлігі кәсіпорындарды қорғаудың орнына, атымен жоқ айналма желіге қосылып, қолда бар ПОШ фабрикасының инфрақұрылымын тегін пайдаланудың орнына монополиске төлем төлеу үшін өз қаржыларына желі салып шығуды ұсынып отыр. Кәсіпкерлер монополист пен жергілікті монополияға қарсы күрес органдарының анық сөз байласуы туралы айтуға мәжбүр. 6 қарашада, 12 ақпанда және 5 наурызда біз ҚР Премьер-Министрі мен Бас Прокурорға Көлік министрлігінің жеке теміржолдарды басып алуы, жеке тасымалдаушыларды ығыстыруы және ҚТЖ мемлекеттік монополиясы үшін ғана транзиттік теміржол тасымалы құқығын қамтамасыз ету жөніндегі заңсыз әрекеттеріне қатысты сауалдар жолдадық», — деді ол.
«Көлік министрінің бұйрығы мемлекеттік және жеке меншіктің теңдігі мен тең қорғалуын тікелей бекітетін Конституциядан, экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқартып, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету міндетін қойған Президенттің «Экономиканы ырықтандыру туралы» жарлығынан да күшті ме?» деп ашынды Перуашев.
«Мемлекеттік органдардың формалды жауаптарына қарамастан, «Ақ жол» фракциясы мұндай фактілерге қарсы шығып, адал кәсіпкерлер үшін күресуді жалғастыра бермек», — деді ол.