Ұлттық киімдер күніне арналған Наурызнаманың бесінші күнінде облыс аумағында этнодефиле, көрмелер, отбасылық конкурстар, мекеме-ұйым ұжымдарының бейнероликтер челленджі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, Талдықорған қаласының орталық алаңында этнодефиле өткізіліп, онда қыз-жігіттер түрлі этностардың ұлттық киімдерін киіп шықты. Мереке бұдан әрі «Наурыз Аруы – 2025» байқауының финалымен жалғасты. Осыған дейін байқаудың іріктеу туры Өтенай ауылдық мәдениет үйінде өткен болатын. Іріктеуден өткен он ару көркіне ақылы сай екенін таныту үшін көрермендер алдында өзінің бар өнерін паш етіп, сахнада қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне байланысты сұрақтарға жауап берді. Байқау қорытындысында бас жүлдеге Талдықорғандағы Б.Сырттанов атындағы №25 орта мектептің 11 сынып оқушысы Еркежан Серікхан ие болды.
– Бүгін немерем Еркежанның өнерін тамашалап, жанкүйер болуға Алакөл ауданы, Көлбай ауылынан арнайы келдім. Немеремнің жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Қыздардың бәрі де лайықты өнер көрсетті. Байқау маған қатты ұнады. Бұл тек қана сұлулық байқауы емес, сонымен қатар ұлттық мұрамызға, ұлттық тәрбиеге үлкен мән беріп, жастардың рухани дамуына ықпал ететін шара болды. Барша жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтаймын, – деді Жаңылқан Сүлейменова.

Сол сияқты Қаратал ауданының Үштөбе қаласында «Ұлттық киімдегі отбасы» байқауы ұйымдастырылды. Байқауға 44 отбасы қатысты. Олар қазақ халқының күнделікті киімдерімен қатар, түрлі қуаныштарда киетін мерекелік киімдерін, қазақы оюлар мен әшекейледі де дәріптеді. Байқауда Жұмаділ, Ерғосаевтар, Захан, Сұрабалдиновтар, Долашовтар, Рысқазы, Ашықбаевтар және Апасхановтар отбасылары жеңімпаз атанып, диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
–- Отбасымызбен қазақи киім киіп, мерекеге арнайы дайындалып келдік. Мақсатымыз — қазақтың салт-дәстүрін жаңғырту. Наурыз аясында ұлттық киімдерге ерекше көңіл бөліне бастағаны қуантады. Осы арқылы біз ұлттың мұрамызды ұлықтап қана қоймай, жастарға үлгі көрсетеміз. Өйткені ұлттық киім – халықтың айнасы, – Қаратал ауданының тұрғыны Нағашыбай Біләлұлы.

Осы күні ұлттық киімдерді дәріптеуге арналған іс-шаралар облыстың барлық аудан-қалаларында кеңінен ұйымдастырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







