Бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың ресейлік «УА» компаниясының басқарушы директоры Елена Филиппова және «ГринДар» компаниясының директоры Евгений Усаченкомен кездесуі өтті,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Жүздесу барысында облыс аудандарында органикалық тыңайтқыштар өндіретін бірнеше зауыт салу жөніндегі инвестициялық жоба талқыланды. Жоба диқандарды сапалы тыңайтқыштармен қамтамасыз етпек.
«Мемлекет тарапынан шетелдік инвесторларға жобаны қысқа мерзімде іске асыру үшін барлық қажетті көмек көрсетіледі. Біз барлық инвесторларға жобаны идеядан бастап жобалық қуатқа шыққанға дейінгі барлық кезеңдерінде қолдау білдіреміз», — деп атап өтті өңір басшысы.
Облыста жыл сайын топырақтың құнарлылығын арттырып, өнімділікті көбейту мақсатында минералдық тыңайтқыштарды енгізу көлемі өсіп келеді. Тек биыл 333 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізіледі. Осы орайда жаңа кәсіпорынның салынуы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына елеулі үлес қоспақ.