Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне жасалған қастандықтан кейін үш апта өткен соң ауруханадан әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялады деп жазады Ertenmedia.kz.
Инстаграм парақшасында жазған сөзінде ол осы қиын уақытта өзіне қолдау көрсеткен барша азаматтарға, медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
«Құрметті шымкенттіктер, қадірлі Қазақстан халқы! Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық.
Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім.
Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді.
Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді.
Осы уақыт ішінде мен еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем еместігіне көз жеткіздім. Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық. Баршаңыздың қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын», – деді Руслан Берденов.
Айта кетейік, осы жылдың сәуір айында Шымкент әкімдігі ғимараты маңында Руслан Берденовке белгісіз біреу қастандық жасаған болатын.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, күдікті шенеунікке үш рет оқ атып, нәтижесінде әкімнің орынбасары ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Оқ оң жақ жамбасына және иығына тиген. Қазіргі таңда Берденовтің денсаулығы қалыпты жағдайға жақын, ал тергеу амалдары жалғасуда.