Елордадағы №6 мектепте прокуратура өкілдері мен танымал қазақстандық актер Дәурен Серғазиннің қатысуымен түлектерге арналған профилактикалық кездесу өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын «Заң және тәртіп» және «Жас үміт» жобалары аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – жоғары сынып оқушыларының құқықтық мәдениетін күшейту, азаматтық жауапкершілігін арттыру және өмір жолын саналы таңдауға бағыт беру.
Кездесу барысында прокуратура қызметкерлері түлектерге құқықтық тәртіптің негізгі қағидаларын, заңды сақтаудың маңызын және адам өміріндегі адамгершілік ұстанымдардың орнын түсіндірді. Оқушыларға болашақ мамандықты таңдау жөнінде де кеңес беріліп, құқықтану бағытының қыр-сыры таныстырылды.
Сарыарқа ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай мұндай кездесулердің мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына құқықтық мәдениет сіңіру екенін айтты. Оның сөзінше, жасөспірімдерді заңға бағынатын мінез-құлыққа және кәсіби тұрғыда саналы таңдау жасауға ынталандыру үшін осындай шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Жиынға актер Дәурен Серғазиннің қатысуы оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ол өз өмірінен мысал келтіріп, тәжірибесімен бөлісті, алға ұмтылудың, дұрыс шешім қабылдаудың және мақсаттан таймаудың маңызы туралы әңгімеледі. Түлектерге сәттілік тілеп, әркім өз жолын жауапкершілікпен таңдауы керек екенін жеткізді.
11-сынып оқушысы Нұралы Жұмабектің айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдердің қателікке ұрынбай, өмірлік таңдауын дұрыс жасауына әсер етеді. Оның пікірінше, актердің қатысуы шараны мазмұнды етіп, оқушыларға қиын жағдайда қалай әрекет ету керегін тереңірек ұғынуға көмектескен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







