Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басшылары мен мердігер ұйым жетекшілеріне 256 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылды.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады деп жазады Ertenmedia.kz.
Тергеу мәліметі бойынша, университеттің уақытша міндетін атқарушы ректоры, қаржы және әкімшілік департаменттерінің директорлары мен бірнеше мердігер ұйым басшылары жалған келісімшарттар жасаған.
«Университет басшылығы жалпы сомасы 256 млн теңгеге қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу және тауар жеткізу бойынша жалған шарттарға қол қойған. Шын мәнінде, аталған жұмыстар орындалмаған. Бюджет қаражаты жалған құжаттар арқылы аффилирленген компаниялардың есепшоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған», – делінген хабарламада.
Тергеу барысында күдіктілер заңсыз түскен қаражатқа Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 сияқты алты қымбат көлік пен Шымкент қаласының орталығынан элиталы коттедж сатып алғаны анықталды.
Жылжымайтын мүлік пен көліктердің жалпы құны – 254 млн теңге. Қазіргі уақытта бұл мүліктер сот санкциясымен тәркіленіп, бұғатталды.
Аталған іске қатысы бар төрт күдікті үйқамаққа алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.