Шардара ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында сенбіліктер мен экологиялық шаралар жүйелі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Наурыз айынан басталған “Таза бастау”, “Жасыл толқын”, “Таза табиғат”, “Киелі мекен” атты науқандар аясында аудан көлемінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Шардара суқоймасы, Ұзын ата кесенесі және қала мен ауыл округтерінің ішкі-сыртқы аумақтарында шөптер шабылып, аяқ жолдар ретке келтірілуде. 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында тазалық жұмыстарына 22 980 адам қатысып, 578 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық арнайы полигонға шығарылған.
Бүгінгі өткен сенбілікке аудандағы түрлі мекеме қызметкерлері, еріктілер, қоғамдық жұмысшылар мен тұрғындардан құралған 1000-нан астам адам қатысып, 34 арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 38 тонна қоқыс шығарылып, арнайы орындарға жеткізілген. Сонымен қатар, көгалдандыру шаралары шеңберінде көктемгі кезеңде 20 150 түп ағаш көшеті отырғызылды. Сондай-ақ, удан аумағындағы облыстық маңызы бар Шардара–Келес, Шардара–Жетісай және Шардара–Арыс бағытындағы автожолдар бойында тазалық жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 103 шақырым аяқ жолдар мен 183 шақырым ирригациялық жүйелер тазартылды.