Белгілі заңгер Айгүл Орынбек елдегі ең ірі компаниялардың мемлекеттік тендерді майшелпекке айналдырып, халықтың қалтасын қалай қағып жатқанын ашып көрсетті деп жазады Ertenmedia.
Оның айтуынша, ұлттық компаниялар «отандық өнімді қолдау» деген ұранды жамылып, арзанқол қытайлық тауарларды отандық деп өткізіп, арадағы бағасын бірнеше есе асырып, миллиардтаған теңгені жымқыру схемасын құрған.
Мәселенің мәнісіне үңілген заңгер нақты бір мысалды көлденең тартты.
«Самұрық-Қазына» қорының сайтында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еліміздің сегіз өңіріне 18 дана жылжымалы электростанция (қарапайым генераторлар) сатып алуға тендер жариялаған. Жалпы сома – 185 миллион теңге.
Талап бойынша, генераторлар Ameco industrial брендімен, әрі міндетті түрде отандық өнім болуы тиіс. Бірақ осы жерде күмән туындайды.
Зерттеу барысында тендерге қатысушы компаниялардың өндірістік орындары көрсетілген мекенжайдың кәдімгі екі бөлмелі пәтер екені анықталған.
«Пәтерде генератор шығарылып жатқанын кім көріпті?» – дейді Айгүл Орынбек.
Оның айтуынша, бұл компаниялар шын мәнінде генераторларды Қытайдан 200-300 мың теңгеге сатып алып, «Қазақстанда құрастырылды» деген жалған сертификатпен 1,5 миллион теңгеге мемлекетке қайта сатып отыр.
Ашық дереккөздерде «Қазақстан темір жолы» осы генераторлардың әрқайсысын 1 516 000 теңгеден бағалап, жеткізушіге алдын ала 55 миллион теңге аударып қойған.
Ал сол генераторлардың нарықтағы шынайы бағасы небәрі 200-359 мың теңге аралығында ғана екені белгілі болды. Бұл бір ғана мысал. Заңгердің пікірінше, ұлттық компаниялар осындай тәсілмен миллиардтаған теңгені мемлекет қазынасынан еш қымсынбастан жымқырып жатыр.
«Жоғарыда отырғандар мұндай былыққа неге көз жұма қарайды? Тендерге қатысып жүрген компаниялар жай ғана делдалдар. Олар ештеңе өндірмейді. Өнімнің отандық екенін дәлелдейтін қағазын реттеп алып, мемлекеттік сатып алуда сыбайластары арқылы жеңіске жетіп отырады. Ең қиыны бұларды ешкім тексеріп отырған жоқ. Әділетті Қазақстанды құрғымыз келсе, алдымен осы былықтың түбіне жетуіміз керек», – дейді Айгүл Орынбек.