Даниялық Carlsberg Group пен америкалық PepsiCo компаниясы Алматы облысында ірі сусын зауытын ашуды жоспарлап отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, жоба құны 250 миллион доллардан асады. Зауыт жылына 340 миллион литр алкогольсіз сусын өндіруге қауқарлы болады және 500 адамды жұмыспен қамтиды.
Бұл жоба бойынша Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Данияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Йеспер Вармен кездесу өткізіп, бірлескен жобаның іске асу барысын талқылады.
Елші Йеспер Вардың айтуынша, бұл өндіріс ауылшаруашылық өнімдерінің қосымша құнын арттырып, өңірдегі өзге салалардың дамуына да серпін береді. Сонымен бірге, Қазақстанның экспорттық әлеуетін көтеруге айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде.
Айта кетсек, PepsiCo бұған дейін Алматы облысында Lay’s чипстерін шығаратын жаңа зауыттың құрылысына құйылатын инвестиция көлемін екі есе арттырып, жобаның жалпы құнын 320 миллион доллардан асыратыны белгілі болған еді.
Carlsberg Group те Қазақстандағы бизнесін нығайтуға мүдделі. 2024 жылдың желтоқсанында компания Ресейдің «Балтика» сыра зауытындағы үлесін сатуға келісім жасап, оның орнына «Балтиканың» Қазақстан мен Әзербайжандағы бизнестегі үлесін алатын болды.
Дегенмен, Carlsberg үшін «Балтика» бренді төңірегіндегі құқықтық мәселелер әлі шешілмей келеді. Ресей соты 2024 жылдың қаңтарында Carlsberg компаниясына «Балтика» брендін Қазақстан мен басқа да бес ТМД елінде пайдалануға тыйым салған еді. Биылғы 14 мамырда Санкт-Петербург арбитраждық сотының апелляциялық инстанциясы бұл шешімді күшінде қалдырды.
Аталған дауларға қарамастан, Carlsberg пен PepsiCo компанияларының Қазақстандағы бірлескен жобасы екі алып брендтің ел нарығына сеніммен қарайтынын және аймақтағы экономикалық ахуалды оң бағалайтынын айғақтайды.