1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Қызылордада бірқатар әлеуметтік маңызы бар ірі нысандар қолданысқа берілді. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен бірқатар зиялы қауым өкілі қатысты.
Мереке қарсаңында пайдалануға берілген қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты.
Балаларға арналған ойын алаңдары, жарық шамдар мен заманауи инфрақұрылым көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.
Салтанатты шарада аймақ басшысы балаларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті», — деген болатын. Бүгін аймағымыз үшін айтулы күн. Мерекеге орай қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі, физика-математика мектеп-интернаты, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылуда. Бұл ұлтымыздың «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Егемен елімізді дамыту жолындағы абыройлы істеріміз, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарымыз табысты болсын! Балаларымыз аман, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Мереке құтты болсын, – деді аймақ басшысы.
Дәл осы күні лентасы қиылған кезекті нысан – физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты. Ашылу рәсіміне академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев пен «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте арнайы қатысты.
Сондай-ақ, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің жаңа ғимараты да ел игіліге табысталды. Жаңа ғимаратта студенттерге барлық жағдай жасалған. Облыс әкімі өз сөзінде өнер қайраткерлерінің лайықты ізін жалғайтын өнер ордасының Сыр мәдениетінің қара шаңырағына айналғанын айтты.
– Елу жылға жуық тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі Сыр топырағында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне зор үлес қосып келеді. Бүгінге дейін оқу орны талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта қиындықтарға қарамастан жастарға білім беріп, өнерге баулыды. Жаңа ғимаратта студенттерге барлық жағдай жасалған. Үлкен концерт, би залдары, хор бөлмесі бар. Кең музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай келетін 200 орындық жатақхана шалғай елді мекеннен келген жас өрендерді қабылдауға дайын, – деді Н. Нәлібаев.
Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты да қолданысқа берілді. Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Сыр еліндегі байыпты бастамаларға оң бағасын беріп, тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
Аймақ басшысы жаңа ғимараттың ұлт руханиятына қызмет етіп, мәдени мұралардың ордасына айналуына тілегін білдірді.
– «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асуда. Аймағымыздың сәулеттік келбеті жаңарып келеді. Мәдениет саласында жаңа жобалар жүзеге асуда. Экспонаттарды таныстыру үшін заманауи технологиялар, жасанды интеллектінің жаңа мүмкіндіктері қолданылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің салынуына «Самұрық — Қазына» Ұлттық компаниясы өз үлесін қосты. Заманауи жаңа ғимарат ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына, облыстық музейдің 85 жылдығына керемет тарту болды. Киелі «Сыр елі – жыр елінің» мәдени қазынасы арта бергей, – деді облыс әкімі.