Қытайдың ірі өнеркәсіптік компаниясы Маңғыстау облысында заманауи теңіз порты мен логистикалық орталық салуды ұсынды деп хабарлайды Ertenmedia.
Жоба толықтай Қытай тарапының қаражаты есебінен іске асырылмақ.
Маңғыстау облысының әкімдігі мен Қытайдың «Чжунъюнь» халықаралық өнеркәсіптік компаниясы осы бастаманы жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Жоба аясында Ақтау портының транзиттік әлеуетін күшейтіп, Еуразия құрлығындағы негізгі көлік торабына айналдыру жоспарланып отыр. Осы арқылы «Транскаспий халықаралық көлік бағытының» мүмкіндіктерін барынша кеңейту көзделген.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаның стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, инвесторға қажетті қолдаудың барлығы көрсетілетінін айтты.
Айта кетелік, биыл сәуір айында «Чжунъюнь Гоцзи» және «Гою Учань» компаниялар тобының басшысы Юй Боянь жұмыс сапарымен Маңғыстауға келіп, логистикалық хаб салуға ниетті екенін жеткізген болатын.
Қазір тараптар нақты іс-шараларды бастауға дайындықты қолға алды.