Мемлекеттік награда алғысы келетіндердің өмірбаяны енді бүге-шүгесіне дейін тексеріледі, деп хабарлайды Ertenmedia Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеп.
Президент жарлығымен мемлекеттік наградаларға ұсыну тәртібіне өзгерістер енгізілді.
Жаңа ереже кандидаттарды іріктеу процесінің әділдігін арттыру мақсатында қабылданған.
Енді марапатқа ұсынылған азаматтың еңбек жолы, ел алдындағы нақты еңбегі мен жетістіктері егжей-тегжейлі көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ оның бұрын жасаған қылмысы туралы ақпарат та міндетті түрде жазылуы керек. Бұл ретте қылмыстың қанша уақыт бұрын жасалғаны маңызды емес. Қажет жағдайда полициядан арнайы мінездеме талап етілуі мүмкін.
Көпбалалы аналарды марапаттау тәртібі де нақтыланды. Енді мемлекеттік наградаға ұсынылатын көпбалалы ананың Қазақстан азаматы екендігін растайтын төлқұжатының куәландырылған көшірмесі ұсынылады. Егер балалары өзге елдің азаматтығын алса, олардың қазіргі фотосуреттерін де қосымша ұсыну қажет болады.
Наградалардың дубликатын әзірлеген кезде бағалы металдарды қолдануға тыйым салынады.
Ал мемлекеттік наградаға қатысты құқықтарды қалпына келтіру мәселесі уәкілетті органдардың өтініші бойынша, тиісті сот шешімі мен басқа да құжаттар болған кезде ғана қарастырылады.
Жаңартылған ережелер мемлекеттік награда берудің ашықтығын арттырып, қоғамның осы институтқа деген сенімін нығайтуға бағытталған.