Түркістан халықаралық әуежайы Fly Meta әуе компаниясы арқылы Венгрияның Hungary Airlines Cargo жүк тасымалдаушы авиакомпаниясымен келісімшартқа қол қойды. Бұл келісім аясында Airbus A330 үлгісіндегі ірі жүк ұшақтары аптасына бес рет «Синьцзян – Түркістан – Будапешт» бағыты бойынша ұшады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әзірге басты мақсат – техникалық аялдама жасау, жанармай құю, экипаж ауыстыру сияқты логистикалық қызметтер. Бірақ бұл кестенің астарында аймақ үшін әлдеқайда терең геоэкономикалық және геосаяси мән жатқанын аңғаруға болады.
Түркістан – Орта Азияның рухани жүрегі, қазақ мемлекеттілігі мен түркі мұрасының символы. Бірақ соңғы жылдары бұл қала тек өткеннің естелігімен шектелмей, жаңа өңірлік хабқа айналу жолында нақты қадамдар жасап келеді. Мұны Fly Meta мен Hungary Airlines Cargo арасындағы келісім де айғақтап отыр. Қарапайым көрінген бұл ұшу бағыты – үлкен стратегияның көрінісі.
Түркістанның халықаралық транзиттік мәртебесі нығайып жатыр. Бұрын тек жергілікті сапарларға бейімделген қала енді Еуропа мен Азияны жалғайтын көпірге айналуда. Бұл бағыт Қазақстан үшін де, Еуропа үшін де стратегиялық маңызды. Қытайдың шекарасындағы Синьцзяннан басталатын бұл рейстер Орта Азия арқылы өтіп, Еуропаның орталығына – Венгрияға жетеді. Демек, бұл тек ұшу емес, бұл – жаңа Жібек жолының әуе дәлізі.
Hungary Airlines Cargo сияқты ірі компаниялардың Түркістанды таңдауы – логистикалық тиімділіктен бөлек, Қазақстанның ішкі тұрақтылығына, әуежай инфрақұрылымына және қызмет көрсету сапасына деген сенімнің нышаны. Еуропа елдері үшін бұл – Қытайға апаратын бейбіт әрі сенімді бағыт. Ал Қазақстан үшін – инвестиция мен ықпалды серіктестерге жол ашу.
Енді Түркістан әуежайының экономикалық дербестігі күшейе түседі. Аптасына 5 рейс деген – күніне бір ұшаққа жуық. Жанармай құю, экипаж ауыстыру, техникалық қызмет көрсету дегеніміз – жергілікті инфрақұрылымға қосымша табыс, жаңа жұмыс орындары, сервистік мәдениеттің қалыптасуы.