Соңғы күндері АҚШ-тың саяси сахнасында күтпеген өзгеріс байқалды. Бұған дейін Украинаны әлсіз, қорғансыз санап келген Дональд Трамп «Ресей-Украина» соғысына қатысты көзқарасын күрт өзгертті. Оның жаңа сөздерінде Ресейдің экономикасы күйзеліске ұшырап, ал Украинаның жоғалтқан жерін қайтарып алу мүмкіндігі жоғары екені айтып қалды. Бір қарағанда, бұл жай ғана риторика болып көрінуі мүмкін. Бірақ соғыста сөздің өзі – оқпен тең, ал саясаттағы риторикалық бұрылыс қарсыластың рухын көтеріп те, түсіріп те жібереді.
Трамптың осы уақытқа дейінгі ұстанымына назар аударсақ, ол Мәскеудің күштілігін баса айтып, Киевті бейбіт келісімге итермелеумен болды. Тіпті Зеленскийдің көзінше «сенің қолыңда карта жоқ» деп, Украинаға қысым жасағанына айдай әлем куә.
Бүгінде Мәскеудің қасарысқан ұстанымы Трампты да шаршатқан сыңайлы. Украина келіссөзге дайын екенін көрсетті, ал Ресей талаптарын өзгертпеді. Нәтижесінде Вашингтонның көңілі басқа арнаға бұрылып отыр.
Соңғы мәлімдемесінде Трамп Ресей экономикасының әлсіздігін ашық айтты. Қазіргі заманда майданда тек қару шешуші рөл атқармайды, қарсы жақтың сенімі де сынға түседі. Әскер жеңіске жетуге жақын екенін сезінсе, күресті жалғастырады. Бірақ болашағы күмәнді, экономикасы күйреп жатқан ел үшін әрбір қадам ауыр ауыр сынаққа айналды. Осы тұрғыдан алғанда, АҚШ риторикасының қатаюы Ресейдің рухын әлсіретіп, келіссөз үстелінде оның талаптарын жұмсарта алады.
Дегенмен мәселенің екінші қыры бар. Трамптың риторикасы Еуропаның мойнына соғыстың ауыртпалығын көбірек арттыруы бек мүмкін. Америка өзінің рөлін азайтып, қаржылық және әскери қолдауды Еуропаға ысыра салғысы келіп отыр. Бұл Украинаға көмек үзілмейді дегенді білдіргенімен, екінші жағынан, АҚШ-тың нақты қысым жасау тетіктері әлсірегенін аңғартады. Экономикалық санкцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік құрылымдар Трамп әкімшілігі кезінде әлсіреп кеткені жасырын емес.
Тағы бір шындық – Украина бүгін-ертең барлық жерін қайтарып алады деп сену қиын. Ресейдің алға жылжуына кедергі болып отырған факторлар Украинаның қарсы шабуылына да тосқауыл болып тұр. Әскер де, экономика да үлкен шығынды көтере бермейді.
Шын мәнінде, бейбітшілікке апарар жолдың ең дұрыс формуласы Ресейдің соғыс арқылы мақсатына жете алмайтынын көрсету. Мәскеу өзінің қойған талаптарының орындалмайтынына көзі жеткенде ғана келісімге барады. Трамптың соңғы айтқандары осы ақиқатқа жақындағанын аңғартады. Ол кеш те болса, Ресейдің амбициясын майдандағы жеңіліссіз тоқтату мүмкін емес екенін түсінді.
Трамптың жаңа риторикасы Украинаның мүддесіне аз да болса қолдау болса, Ресей үшін ойлануға түрткі болатын жайт.