Еліміздің сыртқы істер министрі болып бұған дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Ермек Көшербаев тағайындалды деп хабарлайды Ertenmedia.
Тоқаевтың Жарлығымен осы күнге дейін сыртқы істер министрі болып келген Мұрат Нұртілеу Президенттің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі лауазымына ауысты.
Нұртілеу бұл қызметте бұған дейін Президенттің халықаралық мәселелер бойынша кеңесшісі Ержан Қазыханның орнын басқан секілді. Қазыхан өз кезегінде Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі болып тағайындалды.
Ермек Көшербаев бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Қазақстанның Ресейдегі және бірқатар елдердегі елшісі қызметін атқарған.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Сыртқы істер министрлігінде және ұлттық компанияларда жауапты лауазымдарда болған тәжірибелі дипломат. Жаңа министр қазақ, орыс, ағылшын және корей тілдерінде еркін сөйлейді.
Айта кетейік, Ермек Көшербаев 2025 жылдың ақпан айынан бері Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарып келген болатын.