Алматы облысының прокуратурасы соңғы үш жылда мемлекет меншігіне миллиардтаған теңгеге бағаланған жер телімдерін қайтарды деп хабарлайды Ertenmedia.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, құзырлы органдармен бірлескен жүйелі жұмыстың нәтижесінде мемлекетке құны 6,1 млрд теңгені құрайтын 83 мың гектар жер қайтарылған.
Соның ішінде бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер, олардың туыстары және Forbes тізіміне енген тұлғалар иелік еткен құны 1,6 млрд теңгелік 21 мың гектар жер телімі бар.
Әсіресе, Балқаш-Алакөл бассейні инспекциясы және Жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе атқарылған шаралардың нәтижесі айқын көрінді.
Прокуратураның талабымен 2025 жылдың мамыр айында Қапшағай жағалауында орналасқан аса бағалы жер телімі де мемлекетке қайтарылды. Бұл аумақ бұрын ұзақ жылдар бойы Күлібаевтар әулетінің иелігінде болған.
Жалпы, прокуратура өкілдері 15 жылдан астам уақыт бойы жеке меншікте болған жер телімдерін қайтару ісі алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Бұрынғы билік өкілдері мен ықпалды тұлғалардың иелігіндегі жерді мемлекет меншігіне қайтару ісіне басымдық беріледі.
Қоршаудағы Қапшағай: депутат Базарбек жағалаудың жасырын қожайындарын әшкерелемек

 
		
