Қоғам белсендісі Ғалым Байтук өзінің Фейсбуктағы парақшасында Мұрат Нұртілеудің жаңа қызметіне қатысты ойымен бөлісіпті. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында: «Кеше ғана елдің атынан президенттермен, мемлекеттік хатшылармен сөйлескен вице-премьер мен Сыртқы істер министрі бүгін инвесторға телефон шалып, құжат рәсімдеумен айналысатын көмекшіге айналды. Бұл – үлкен кеменің капитанын моторлы қайыққа отырғызып қойып, «миссияң маңызды» дегенмен бірдей», – деп мысал келтіріпті.
Ғалым Байтуктің ойынша, Мұрат Нұртілеу инвестиция саласын бұған дейін де бақылап келгенін тілге тиек етеді. Айтқандай бұған дейін де Мұрат Нұртілеудің қол астында Инвестициялар комитеті мен «Kazakh Invest» сияқты ірі квазимемлекеттік құрылымдар болғанын білеміз.
Қоғам белсендісі бұл тағайындаудың себебін соңғы жылдары халықаралық алаңдардағы кейбір дипломатиялық қателіктер, қоғамда талқыланған бизнес байланыстарындағы күмәнді жайттар және журналистік зерттеулердің көбеюімен байланыстырпты.
Кеңестік кезеңде мұндай қадамды «құрметті сілтеме» деп атаған. Яғни, сырт көзге мансапты сақтағандай болып көрінгенімен, шын мәнінде биліктің шешім қабылдайтын өзегінен алшақтатылған орын. Ғалым Байтук дәл осыны меңзейді: «Бұл – жаңа серпіліс емес, жұмсақ жаза. Ең бастысы элитаға берілген белгі. Қажет болса, Тоқаев ең сенімді кадрды да «алып кеменің штурвалынан жұлып алып кішкене қайыққа отырғыза алады», – дейді Ғалым Байтук.

Демек, мәселе тек Мұрат Нұртілеудің жеке тағдыры ғана емес, жалпы саяси жүйедегі тепе-теңдіктің қайта құрыла бастағанының белгісі.
– Мұндай жағдай Қазақстан саясатында бұрыннан бар тәжірибенің жалғасы екенін де аңғаруға болады. Белгілі бір кезеңде жоғары мансап иесі болған тұлғалар бір сәтте екінші қатардағы қызметке ауысып, кейін саяси сахнадан мүлде алыстап кеткен мысалдар аз емес.
Сондықтан бұл тағайындауды жай ғана инвестицияны күшейту деп түсіну – иллюзия. Оның астарында саяси сигнал жатыр. Бұл – биліктің өз ішінде тәртіп пен бақылауды сақтап, қажет болса ең сенімді адамдарға да шектеу қоя алатынын көрсеткен қадам, – деп ойын түйіндепті Ғалым Байтук.