Елорда төрінде өткен оқу бағдарламасы этносаралық келісім мен мәдени әралуандықты ақпараттық кеңістікте дұрыс жеткізудің жаңа жолдарын көрсетті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Достық үйінде «Этномәдени сауаттылық және этносаралық қатынастарды БАҚ-та жариялау мәселелері» атты ауқымды оқу бағдарламасы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының Академиясы ұйымдастырған бұл шара – медианың қоғамдағы татулық пен келісімді бекітудегі орнын айқындаған маңызды қадам болды.
Бағдарламаға еліміздің әр аймағынан келген этноБАҚ редакторлары, журналистер клубтарының жетекшілері, баспасөз хатшылары және тәжірибелі медиамамандар қатысты. Олар бес күн бойы этносаралық қатынастарды жариялаудың заманауи тәсілдерін талқылап, практикалық жаттығулар арқылы білімдерін тереңдетті.
«Өшпенділік тіліне» қарсы тұру, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, әлеуметтік желілермен тиімді жұмыс істеу, антикризистік PR жүргізу сынды тақырыптар бүгінгі медианың ең өзекті мәселелерінің бірі екені айтылды. Бұл тұрғыдан алғанда бағдарлама тек оқыту емес, журналистиканың жаңа парадигмасын қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік алаңға айналды.
Ең қызығы, оқыту барысында қатысушылар тек дәріс тыңдап қана қоймай, этнотақырыптық бейнероликтер әзірлеуге арналған іскерлік ойындарға қатысты. Бұған қоса, еліміздің жетекші БАҚ өкілдерімен дөңгелек үстелдер өткізіліп, фокус-топтық пікірталастар ұйымдастырылды.
Әр өңірдің медиа мамандары тәжірибе алмасып, этномәдени тақырыпты жариялауда кездесетін қиындықтар мен шешім жолдарын ортаға салды. Қоғамдағы этникалық әртүрлілікті көрсету – тек мәдениет пен тарихты таныстыру ғана емес, елдің бірлігін нығайтатын күш екені бірнеше мысал арқылы айқындалды.
Академия жұмысы «Медиадискурстағы этносаралық қатынастар: мәселелері және конструктивті жариялау жолдары» атты дөңгелек үстелмен қорытындыланды. Қатысушыларға ЕҰУ-дың белгіленген үлгідегі сертификаттары табысталды. Бұл құжат олардың 32 академиялық сағат көлемінде білім алғанын айғақтап қана қоймай, кәсіби деңгейін жаңа белеске көтергенін білдіреді. Осындай курстар этножурналистиканың сапасын арттыруға, ал БАҚ-тың қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
ҚХА Академиясының жұмысы бүгінгі қоғам үшін үлкен мәнге ие. Себебі, этносаралық қатынастарға қатысты әрбір жарияланым қоғамдық пікірге ықпал етеді. Журналист қателессе, ұлтаралық түсінбеушілік туындауы мүмкін, ал сауатты жазылған мақала бірлікті күшейтеді. Сондықтан этномәдени сауаттылық – журналистикадағы кәсіби талап қана емес, мемлекет тұрақтылығының да кепілі. Осы тұрғыдан алғанда, өткізілген бағдарлама еліміздегі медиа кеңістікті жаңа сапалық деңгейге көтеретін маңызды бастама болды.