Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Ақтау теңіз портының қуатын арттыруға 35 млн еуро бөледі, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жобаға Еуроодақ та қолдау көрсетіп, Азия-Тынық мұхиты инвестициялық қоры арқылы 10 млн еуро көлемінде грант береді. Осылайша, Каспийдің Қазақстан жағалауындағы ірі теңіз айлағын жаңғыртуға жұмсалатын қаржының жалпы сомасы 45 млн еуроны құрамақ.
Инвестиция екі айлақты кеңейту мен ауа райының қолайсыздығына төзімді жаңа жүк тиегіш крандарды орнатуға бағытталған. Бұл Ақтау портында контейнер тасымалының қарқынды өсуімен байланысты.
Тек биылдың өзінде контейнер айналымы былтырғымен салыстырғанда 121 пайызға артқан. Қазіргі инфрақұрылым мұндай жүкті игеруге қабілетсіз болғандықтан, портты тез арада модернизациялау қажеттілігі туындады.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Ақтау порты контейнер тасымалының жылдық өткізу қабілетін екі есе арттырады. Бір контейнерді өңдеуге кететін уақыт 4 минуттан 2,5 минутқа дейін қысқарады. Сондай-ақ порт аумағында екі тәуелсіз контейнерлік айлақ пайда болып, логистикалық мүмкіндік кеңейе түспек.
ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо бұл жобаның аймақ үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
«Еуроодақпен бірлескен осы жоба Қазақстан мен Орталық Азиядағы стратегиялық міндеттерімізге толық сай келеді. Ол Транскаспий дәлізіндегі логистикаға кедергі келтіріп отырған негізгі түйінді шешуге көмектеседі. Еуроодақтың «Жаһандық қақпа» бастамасы аясында көлік инфрақұрылымын дамытудың жаһандық жобаларына тікелей қатысы бар», – деді ол.
Ақтау портының модернизациясы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қоры қолға алған кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. 2026 жылдың соңына қарай Ақтау айлағы Каспий өңіріндегі ең ірі контейнерлік хабқа айналып, жылына 240 мың контейнерге дейін қабылдай алады.
Бұған дейін ЕҚДБ мен Еуроодақтың зерттеуінде Ақтау порты Еуропа мен Азияны жалғайтын Транскаспий көлік дәлізінің негізгі орталығы ретінде көрсетілген болатын. Сондықтан бұл инвестиция Қазақстанның екі құрлық арасындағы логистикалық көпір ретіндегі рөлін арттыра түседі.
Айта кетсек, ЕҚДБ Қазақстан экономикасына бүгінге дейін 10 миллиард еуродан астам инвестиция құйып, жеке сектор мен инфрақұрылымды дамытуға арналған 340 жобаға қатысқан.