Қоғамда үлкен дау тудырған Be Woman форумы айналасындағы пікірталас елдегі жаңа әлеуметтік құбылыстың айқын көрінісі. Осы форумға қатысты белгілі қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанда пікір білдірді. Ол байлықты билікке жақын тұрып жинаған кейбір топтар бүгінде, абыройын «тазартудың» қамына кірісіп кеткенін алға тартты.
– Бір кезде саясатқа сүйеніп, мемлекеттің арқасында мол табыс тапқан тұлғалар енді халықтың сенімін қайтаруға тырысып, қайырымдылық шараларын, форумдар мен түрлі жобаларды ұйымдастыруға көшті. Бірақ халықтың көзі ашық, санасы сергек. Ақшамен абырой сатып алу мүмкін емес екенін жұрт жақсы түсінеді, – деді Тайжан.
Be Woman секілді форумының айналасында қалыптасқан жағымсыз реакция да осы шынайы қоғамдық сезімнің көрінісі. Бүгінде халық шынайылықты бірден таниды.
Әлеуметтік желілерде айтылған пікірлер, қоғамдағы наразылық жүйелі түсінікке қарсы жауап болды. Себебі халық бүгінде әдемі сөзге емес, нақты істерге сенеді. Ел үшін деп басталған бастаманың артында өзін жарнамалау мен жеке мүдде жатқанын сезсе, жұрт үнсіз қалмайды.
Ал шын мәнінде қайырымдылық халықтың жан дүниесіне үңілуден, әділдік пен еңбекке деген құрметтен басталатынын ұмытпау керек.
– Кейбірі камера алдында мектеп салып, көпір жөндеп, өз бейнесін жарқыратып көрсеткісі келеді. Бірақ ел есінде тек шын еңбектің ғана ізі қалады. Тарихта да солай болған өз мүддесін халық мүддесінен жоғары қойғандар уақыт өте ұмытылады, ал ел үшін қызмет еткендердің аты мәңгі қалады.
Шынайы абырой – Forbes тізімінде емес, халықтың жүрегінде.
Қазір қоғам өзгеріп келеді. Ақпарат ашық, әркім өз ойын айтуға құқылы. Сондықтан халықтың сенімін ақшаға немесе жарнамалық кампанияға сатып алу мүмкін емес, – деп қоғам белсендісі ойын ортаға салды.
Қоғамдық сана жаңарған сайын өтірік пен жасандылықтың ғұмыры қысқара береді. Сондықтан бүгінде ең дұрыс жол – тыншу, қарапайымдық және нақты іс.
Халыққа жалған жарнама емес, шынайы қайтарым керек. Байлық қайтарылмаса да, шындыққа бет бұрудың уақыты әлдеқашан келген.