Қоғамда үлкен талқыға айналған Be Woman форумы тек гендерлік, әлеуметтік мәселені емес, елдегі моральдық жауапкершілік пен ұлттар арасындағы өзара түсіністік мәдениетін де айқын көрсетіп берді. Форумға Ресейдің пропагандистік тұлғаларының шақырылуы қоғам тарапынан қатты сынға ұшырады. Әлеуметтік желілерде бұл оқиғаның айналасында түрлі пікірлер айтылды, ал қоғам белсендісі, жазушы Вадим Ни өзінің Фейсбук парақшасында осы жағдайға байланысты салмақты ой қозғап, оқиғаның мәнін ұлттық, моральдық және азаматтық тұрғыдан түсіндіріп берді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Автордың пайымынша, мәселе тек Жанна Канның әрекетінде емес, жалпы жауапкершілік пен қоғамдық сезімнің әлсіреуінде жатыр. Ол жазбасында қазақ қоғамындағы корей диаспорасының тарихы мен мінезін ашық суреттейді.
Оның айтуынша, Қазақстандағы корейлер ешқашан біртұтас, ұйымшыл топ болған емес. Кеңес заманында қалада тұратын корейлер егін шаруашылығымен айналысатындарды «қара жұмысшы» деп менсінбей, ал ауылдықтар керісінше, еңбек пен төзімнің қадірін білетін ұрпақ ретінде қалыптасты.
– Бізде артық ақшамыз болған жоқ, бірақ еңбектің дәмін білдік. Түннің бір уағына дейін пияз теріп, таңғы бесте қайтадан егіске шығатынбыз. Сол еңбек бізге өмір сүрудің шынайы мағынасын үйретті, – деп жазады Вадим Ни.
Ол бүгінгі байлар мен «элита» арасындағы алшақтықты да сынмен жеткізеді.
– Қазір өздерін халықтан биік сезінетін, байлығының қайдан келгенін ұмытқан корей бизнесмендері көбейді. Олар қарапайым адамды өз ортасына жолатпайды. Тіпті, қоғамдық жоба бастаса да, өз ұлтынан адам тартпайды, – дейді автор.
Осы ой арқылы ол Be Woman форумындағы жағдайдың түп-төркініне назар аударады. Форумның мәні мен мазмұны қоғам үшін емес, өзін жарнамалау үшін ұйымдастырылғанын меңзейді.
Бізге Вадим Нидің жазбасы тұтас ұлттың моральдық портретіндей көрінді. Ол Жанна Кан оқиғасын жеке оқиға ретінде емес, моральдық сабақ ретінде қарастырады.
– Бұл оқиға ақымақтықтан болды ма, әлде әдейі жасалды ма – бәрібір. Мұндай шараларды өткізгенде ұйымдастырушылар кездейсоқ қателіктердің алдын алуы керек еді. Егер қолыңнан келмесе – онда мұндай іске кіріспе. Біздер кәрістер азбыз, тегімізбен-ақ есте қаламыз. Сондықтан мұндай қателік арқылы Жанна Кан бүкіл корей диаспорасын ұятқа қалдырды! – дейді ол.
Бұл тұрғыдан алғанда, Erteńmedia телеграм арнасы жариялаған материалдар мен Вадим Нидің жазбасында ұқсас сарын бар. Екеуі де қоғамның шынайы көңіл-күйін дәл бейнелейді. Біздің сайтымыз Мұхтар Тайжанның жазбасы жарияланып, онд ол Be Woman форумы төңірегіндегі наразылықты халықтық тұрғыдан, яғни «жасанды қайырымдылық» пен «өзін жарнамалау мәдениетіне» қарсы азаматтық реакция ретінде сипаттаған еді. Ал Вадим Ни бұл тақырыпты тереңірек қазып, ұлттық ұят, мәдени жауапкершілік және моральдық шекара ұғымдарын қозғады.
Оның жазбасындағы «Қателік пе, әлде бейғамдық па – маңызды емес. Мұндай шара кезінде сен кез келген ықтимал жағдайды алдын ала ойластыруға міндеттісің. Егер олай ете алмасаң, мұндай іске мүлде араласпауың керек» деген жолдары қоғамдағы жауапкершілік тақырыбына дәл тиіп тұр.
Вадим Ни өз ұлтының атынан ұялатынын айта отырып, шын мәнінде барша қоғамға үндеу тастайды.