Astana Group басшысы әрі меншік иесі Нұрлан Смағұлов New Vision форумында елдегі автокөлік индустриясының болашағына қатысты батыл мәлімдеме жасады.
Оның пайымынша, қазір Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған тарихи мүмкіндік ашылып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Әлемде Қытай, Жапан, Оңтүстік Корея, АҚШ секілді 20 шақты ел ғана өзіндік брендін шығарады. Тағы 40-тан астам мемлекет лицензиялық автокөлік құрастырады. Қазақстан осы екінші топқа кіріп үлгерді. Дәл қазір мүмкіндіктің терезесі ашық тұр. Біз мұны дер кезінде пайдаланып қалуымыз қажет», – деді Смағұлов.
Оның айтуынша, «Астана Моторс» компаниясының құны 420 млн доллар тұратын автозауытты салудағы мақсаты да осы.
«Бұл қаржыны біз қалтамыздан оп-оңай шығарып отырған жоқпыз. Шын мәнінде, қазір Қазақстандағы ең көп қарызға батқан бізбіз. Astana Group-тың банктер алдындағы қарызы 1 млрд 350 млн долларға жетті», – деген кәсіпкер мұның қаржылық рейтингке кері әсер ететінін ашық айтты.
«Біз банктер бере алатын несиенің ең жоғарғы шегіне жеттік. Бұдан артық қаржы алуға мүмкіндік болғанда, оны да аянбай жұмсайтын едік», – деді ол.
Дегенмен, Смағұлов бұған еш өкінбейтінін жеткізді. Оның пікірінше, геосаяси ахуал Қазақстанның автомобиль өнімдерін солтүстіктегі Ресей мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауына жол ашып отыр.
«Қазақстанда мұндай мүмкіндік ешқашан болған емес. Алайда, бұл терезе ұзақ ашық тұрмайды. Біз бес жыл ішінде өндірістегі отандық үлесті 51%-ға жеткізіп, алыс шетел нарығына шығуды жоспарлап отырмыз», – деді Astana Group басшысы.
Компания соңғы екі жылдың өзінде автоөнеркәсіп жобаларына 500 млн доллардан астам қаржы салған. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тарихында автокөлік экспорттауға дәл осындай нақты мүмкіндік алғаш рет пайда болған.
Смағұловтың сөзінше, қазір компанияға мемлекеттің қолдауы қазір аса қажет. Үкімет отандық автоөндірушілердің мүддесін лоббилеп, қолдап отырса, осы сала Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналмақ.
«Өз тарапымыздан жаңа жұмыс орындарын ашып, автомобиль бағасын төмендетуге күш саламыз», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Astana Group құрамына Astana Motors компаниясы, MEGA сауда ойын-сауық орталығы, Mycar экожүйесі кіреді. Смағұлов Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің ішінде бесінші, ең бай 75 кәсіпкерінің арасында сегізінші орынға ие.