Корей түбегіндегі әскери қуат жайында сөз қозғағанда, алдымен ауызға Солтүстік Кореяның ядролық бағдарлама түсетіні анық. Бірақ соңғы уақыттары тепе-теңдікті айқындайтын факторлардың бірі ретінде Оңтүстік Кореяның әскери-технологиялық серпілісін де атауға болады. Соның ішінде су асты флотын күшейтудегі талпыныстары ерекше назарға ілігуде. Жақында Оңтүстік Корея Jang Yeong-sil (SS-087) деп аталатын жаңа дизель-электрлік сүңгуір кемесін суға түсірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
3600 тонналық алып кеме толығымен Оңтүстік Кореяның өнімі десек болады. Оның бойындағы стелс-технологиялар, соңғы үлгідегі сонар жүйелері және құрлықтағы нысанға дәл соққы беретін қанатты зымырандармен жабдықталуы кәрістердің теңіздегі қорғаныс қабілетін бір саты жоғары көтеріп тастады.
Geoje аймағындағы Hanwha Ocean верфінде жасалған бұл сүңгуір кеме теңіз түбінде қатаң сынақтардан өтіп, 2027 жылға қарай Оңтүстік Кореяның Әскери-теңіз күштеріне берілуі тиіс.
Сүңгуір қайық атауын XV ғасырда өмір сүрген данышпан ғалым Чан Ён Сильдің құрметіне қойылған. Ол Корея ғылымының негізін қалаған, шын мәнінде мемлекеттің техноөркениеттік жолының алғашқы өкілдерінің бірі.
Оңтүстік Корея бұған дейін сүңгуір кемелерді өзге елдерден сатып алып келген еді. Ал қазір күрделі технологиялық өнімді толық циклде жобалау, құрастыру, сынақтан өткізу және қызметке енгізетін елге айналды.
Бүгінде аймақтағы шиеленіс артып келе жатқаны белгілі. Бұл ретте Қытай өз ықпалын кеңейтсе, Солтүстік Корея жиі зымыран ұшырып жатқаны көпшілікке мәлім.
Мұндай жағдайда Jang Yeong-sil сынды кемелер Оңтүстік Кореяның соққы беру қабілетін арттыра түсетіні анық. Қанатты зымырандармен жарақтанған сүңгуір кеме маңызды соққы жасайтын құралға айналып отыр.
Бұл жоба Кореяның теңіздегі абыройын арттырып қана қоймай, өз технологиясына, өз инженері мен технологиясын арқа сүйейтін ел екенін айдай әлемге көрсетті. Стратегиялық тұрғыда да, ұлттық мақтаныш тұрғысынан да мұндай бастамалар ел рухын көтеріп, мемлекетке деген сенімді нығайта түсетіні анық.

