Алматыдағы Ғылым ордасында «Қазақстанның ғылым мен мәдениет тарихының үш алыбы: “Әл-Фараби – Шоқан – Абай” руханият тәрбиесінің темірқазығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара ұлт руханиятының үш ірі тұлғасының мерейтойларына арналды. Әмбебап ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің, ағартушы әрі этнограф Шоқан Уәлихановтың және ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының мұрасы ғылыми тұрғыда талқыланды.
Конференция «Қазақстанның қолжазба мұрасы» бағдарламасы мен әл-Фарабидің педагогикалық еңбектерін қазіргі білім жүйесіне енгізуге бағытталған ғылыми жоба аясында ұйымдастырылды.
Жиынға Ғылым ордасы басшылығы, Иранның Қазақстандағы мәдени орталығының өкілдері, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мамандары, ғалымдар, мәдениет саласының қызметкерлері, жас зерттеушілер мен мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында маңызды ғылыми жаңалықтардың бірі ретінде Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорында сақталған Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары негізінде дайындалған «Абай» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек Абай шығармаларын түпнұсқаға барынша жақын нұсқада қайта ұсынуға мүмкіндік береді.
Конференцияда білім беру саласына қатысты өзекті мәселелер де көтерілді. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсынымдар мен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде әл-Фараби педагогикасының қазіргі білім жүйесіндегі орны талқыланды.
Ғалымдар мен сарапшылар әл-Фараби, Шоқан және Абай еңбектерінің рухани сабақтастығына ерекше назар аударды. Абайдың «Толық адам» ілімі, Шоқан зерттеулеріндегі тарихи тұжырымдар, сондай-ақ шығыс поэзиясының қазақ руханиятындағы ықпалы кеңінен қарастырылды.
Жиын барысында ұлттық мұраны сақтау, ғылым мен өнер байланысын күшейту және білім беру жүйесіне жаңа тәсілдер енгізу мәселелері бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Конференцияның тәжірибелік бөлімінде жас зерттеушілер өз жобаларын таныстырып, ғылыми ізденістерінің нәтижелерімен бөлісті.
Бұл басқосу ұлттың рухани мұрасын жаңғыртуға бағытталған ғылыми алаң ретінде маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







