АҚШ Мемхатшысы Марко Рубио келесі жылы Астанаға ресми сапармен келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
МемДеп-те Орта Азияның Сыртқы істер министрлерін қабылдаған Рубио Әміриканың аймаққа қатысты ұзармерзімді жоспарымен бөлісті.
«Алдағы жылы Орта Азиядағы бес елдің барлығын аралап шығамын. Сапар бір аптаға, бәлкім одан да ұзақ мерзімге созылуы мүмкін», – деді ол.
Айтуынша, Уашингтонның өңірге қатысты ұстанымы мен саясаты өзгеру үстінде. Ұзақ уақыт бойы тасада қалып келген Орта Азия әзір Ақ үйдің ұлттық мүдделерімен тығыз қабысады.
«Экономикалық өсім, тұрақты дамуға келгенде аймақ елдері мен АҚШ-тың мүддесі үйлеседі. Жер қойнауындағы қазба байлықты сіздермен бірлесе игеріп, осы процеске барынша атсалысуға әзірміз», — деген Рубио әмірикалық компаниялардың өңірдегі пайдалы қазбаларға қызығып отырғанын жасырмады.
Ertenmedia бұған дейін Әмериканың Қазақстандағы вольфрамға көзі түскенін жазған еді. АҚШ еліміздегі ірі вольфрам кен орындары «Жоғарғы Қайрақты» мен «Солтүстік Қатпарды» игергісі келіп отыр. Вольфрам қорғаныс өнеркәсібінің басты шикізаты. Әсіресе, зымыран, тәнкі снаряды мен оқ-дәрі өндірісінде кеңінен қолданылады.
Уашингтон жобадан үлес сұрамайды, керісінше инвестиция тартуға және жеңілдетілген несие ұсынуға дайын екенін жеткізген екен.
Кездесуде АҚШ-пен тұрақты сауда жасауға қолбайлау болып келе жатқан атышулы «Жексон-Вэник» түзетуін алып тастау мәселесі сөз болыпты.
Сенатор Стив Дейнс Конгреске әлгі түзетуді алып тастау туралы заң жобасын ұсынатынын хабарлаған екен. Бірақ бартер сұрап отыр. Орнына құрылымдық деңгейдегі жақындасуды, сөз жүзінде емес, нақты, заңдық әрі саяси тұрғыда орнықтыруды талап етуде.
Рубионың өзі де Астананы әлгі шектеуден босату керектігін бірнеше рет мәлімдеген. Оның сөзінен ұққанымыз, Астана әмірикалық технология мен инвестицияға, бейресми дипломатиялық арналар мен саяси кепілдікке жол ашатын стратегиялық әріптестікке батыл баруы тиіс.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

