АҚШ санкциясы «Лукойлды» теңселтіп жатыр. Ирактағы ірі жоба тоқтап, Бұлғария Бұрғас мұнай өңдеу зауытын бақылауға алмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әміриканың Кремльге қарсы санкциясы «Лукойлдың» халықаралық жобаларын тығырыққа тіреп, компанияның Ирактағы ең құнды активі «Батыс Курна-2» кен орнындағы жұмысын тоқтатты.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, өткен аптада ресейлік компания Ирактың мұнай министрлігіне хат жолдап, форс-мажор жағдайында жобаны жалғастыру мүмкін еместігін мәлімдеген.
Басра портынан 65 шақырым жерде орналасқан «Батыс Курна-2» әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі, Ирак мұнай өндірісінің 9%-ын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта тәулігіне 480 мың баррель мұнай өндіріліп отырған осы кен орнындағы жұмыс алты ай ішінде қайта жанданбаса, «Лукойл» жобадан толық кетуі мүмкін.
Ирак санкцияға байланысты «Лукойлға» төлемдерді де тоқтатқан. Елдің мемлекеттік мұнай компаниясы (SOMO) қараша айында ресейлік тарапқа берілуі тиіс болған 4 млн баррель мұнай жеткізілімін де доғарған.
Ирактың мұнай министрлігі өкілінің айтуынша, санкцияға байланысты «Лукойлмен» жасалған келісімшарт қайта қаралуы қажет, оған дейін барлық төлем мен шикізат тасымалы тоқтап тұрады.
Компания қызметкерлеріне жолдаған хатында «Лукойл» кен орнындағы шетелдік жұмысшыларды босатып, жобада тек ресейлік және ирактық мамандарды қалдыратынын хабарлаған.
Ал Бұлғария үкіметі «Лукойлға» тиесілі Бұрғас мұнай өңдеу зауытын өз бақылауына алуға дайындалып жатыр.
Ел премьер-министрі Росен Желязков зауытта қауіпсіздік шарасы күшейтілгенін, үкіметтің кәсіпорынды мемлекеттік бақылауға алып, жаңа инвесторға сатуға құқылы екенін айтты. Өткен аптада бұлғар парламенті тиісті заңды бекіткен болатын.
Айта кетейік Дөкең, Доналд Трамптың Мәскеуге салған санкциясының басты мақсаты Украинадағы соғысты тоқтату. Шектеу нәтижесінде «Лукойлдың» тынысы тарылып, халықаралық деңгейдегі операциялары тұралап жатыр.

