Республика көлемінде 20 қазан мен 19 қараша күндері аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының табиғатты қорғау инспекторы Ғалымжан Райымбек мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Түркістан облысында іс-шараға барлығы 200-ден аса полиция қызметкері мен 100-ден аса мемлекеттік орган қызметкері және қоғамдық құрылымдардың мүшелері жұмылдырылды.
Қазіргі таңға дейін 212 құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, балық ресурстарын заңсыз аулау бойынша Шардара және Келес аудандарында 3 дерек анықталып, қылмыстық іс тіркелді. Құқық бұзушылардан 150 келіге жуық әр түрлі балықтар, үрмелі ескек резеңке қайығы, 500 метрге жуық тыйым салынған моно талшықты қытай торлары тәркіленді.
Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімдерінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Одан бөлек, облысымызда заңсыз балық аулаған 65 азаматқа әкімшілік шара көрілді.

Ал, заңсыз аңшылық бойынша 1 дерек анықталып, қылмыстық іс тіркелді. Құқық бұзушылардан 2 дана жабайы қабан еті мен 3 дана тіркелген қару тәркіленді. Аң аулау және жануарлар дүниесін пайдалану ережесін бұзғаны үшін 75 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер органдарына тіркелмеген қаруды заңсыз иемдену, алып жүру, сақтау бойынша 24 қару тәркіленіп, қалалық және аудандық соттарға жолданды. Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзған 47 құқық бұзушы анықталып, әкімшілік шара көрілді, – деп баяндады спикер.

