Тоқаев Ташкентте Орталық Азияны өркендетудің жаңа жоспарын ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.
16 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентте өткен Орталық Азия елдері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты. Президент өз сөзінде аймақ елдерін маңызды әрі тың жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырды.
«Қазақстан өзара тиімді жобаларға, соның ішінде астықты, майлы дақылдарды, ет және сүт өнімдерін терең өңдейтін бірлескен кәсіпорындар құруға дайын. Мал шаруашылығын, органикалық өсімдік шаруашылығын дамытудың да мүмкіндігі зор», – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі әлемдік өзгеріс жағдайында Орталық Азия елдеріне Еуразияның басты транзиттік аймағына айналатын тарихи мүмкіндік туып отыр. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін елдердің үйлесімді әрі ортақ әрекеті қажет.
«Шекарадан өту кезіндегі артық бюрократияны жою үшін Бірыңғай электронды жүк тасымалдау жүйесін енгізу мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Аймақтың транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзірлеуге шақырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аймақ елдері үшін сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу де маңызды бағыт бола алатынын атап өтті.
«Біздің өңірде сирек кездесетін металдардың мол қоры бар. Бірақ олардың басым бөлігі әлі жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Аймаққа жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді тарту бойынша күш-жігерімізді біріктіру қажет. Қазақстан осы мақсатта Астанада Сирек металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын ашуды ұсынады. Бұл орталық инвесторларға қолжетімді кен орындары мен өндіру технологиялары туралы толыққанды ақпарат бере алады», – деді Президент.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшылары мынадай маңызды құжаттарға қол қойды:
- Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуінің бірлескен мәлімдемесі;
- БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2027-2028 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне Қырғыз Республикасын қолдау туралы БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге үндеу;
- Әзербайжан Республикасын Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне толыққанды қатысушы ретінде қабылдау туралы шешім.
Сонымен қатар, басшылардың бірлескен мәлімдемесі арқылы мына құжаттар мақұлданды:
- Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тұжырымдамасы;
- 2026-2028 жылдарға арналған Орталық Азия өңірінің қауіпсіздік тәуекелдері мен олардың алдын алу жөніндегі шаралар каталогы.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

