Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға арнайы келген Эстония басшысы Алар Кариспен кездесіп, Балтық жағалауындағы елмен әріптестікті арттыру бағыттарын белгіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.
Екі күндік сапармен келген Кариспен кездесуде Қазақстан президенті Эстонияның теңіз порттарына жол ашып, екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аясындағы тығыз әрі сындарлы байланыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында екі мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынасқа көлеңке түсіретін кейбір кедергілердің бар екенін де жасырған жоқ. Алайда нақты қандай қиындықтар туралы сөз болғанын ашық айтпады.
Эстония президенті мұндай мәселелердің кез келгенін шешуге болатынына сенімді екенін жеткізді.
«Болашаққа оптимистік көзқараспен қараймын. Геосаяси ахуал тұрақсыз екені анық. Бірақ алдағы қиындықтарға бірлесіп жауап беруіміз қажет», – деді Карис.
Айта кетейік, Эстония басшысы соңғы бір ай ішінде Қазақстанға сапарлап келген Еуропалық одақ елдерінің екінші көшбасшысы. Қазан айының соңында Астанада Финляндия президенті Александр Стубб болып қайтқан еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Кремльді алаңдатқан ашық әңгіме: Стуббтың Астанаға айтқан құпиясы

