ҚР Ұлттық музейінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Тарихи жадыны сақтау – ұрпақ сабақтастығы мен жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды факторы ретінде» ғылыми-практикалық конференция өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Конференцияны «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев жүргізіп отырды. Жиынға «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ұйымы басшысының орынбасары, генерал-майор Марат Нағұманов қатысып, аталған ұйымның төрағасы, Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың құттықтауын жеткізді.
«Тарихи жады – ұрпақтар сабақтастығының іргетасы. Осы арқылы жастар өткеннің маңызын түсініп, ел болашағы үшін жауапкершілікті сезінеді. Қазір әлем күрделі өзгерістер кезеңінде тұр. Сондықтан тарихи ақиқатты сақтау, тарихты бұрмалауға қарсы тұру және патриоттық сананы күшейту – басты міндетіміз. Қарулы Күштер ардагерлері ретінде жас буынға Отанға қызмет етудің жарқын үлгісін көрсету парызымыз. Соғыс және еңбек ерлерінің рухын қастерлеу – тарих пен ұрпақ алдындағы ортақ борышымыз», – делінген құттықтауда.
Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде «Atamnyn amanaty» және «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ұйымдарымен нәтижелі әріптестікті ерекше атап өтті.
«Бірлескен көрмелер, архивтік-іздестіру жұмыстары, ардагерлермен кездесулер мен білім беру шаралары ұлттық тарихты тұтас қабылдауға ықпал етіп, тарихи білімнің сабақтастығын нығайтады», – деді ол.
Конференция төрт бағыт бойынша өтті:
Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы бойынша жаңа зерттеулер;
Музейлерде соғыс туралы материалдарды ұсынудың заманауи тәсілдері;
Архивтік зерттеу мен далалық іздестіру жұмыстарының нәтижелері;
Ұлы Жеңістің тарихи жадын сақтау және жастарға патриоттық тәрбие беру мәселелері.
Жиында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, Халық Қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов, «Мемориалдық аймақ» жасағының жетекшісі Майдан Құсайынов, ҚР ҚК Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы, полковник, PhD докторы Алмагүл Алдабергенова, тарих ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник Манас Мағұлов, педагогика ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник Асқар Қалиев, «Atamnyn amanaty» бірлестігінің мұрағаттық іздестірушісі Мейірхан Нұрхайдарқызы және өзге де мамандар баяндама жасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







