2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысына сәйкес Алматы облысында экономиканың бірнеше бағыты бойынша қара үзіп алға шықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ең алдымен өңдеу өнеркәсібінің индексі 110,2 деңгейінде, яғни өндірістің нақты көлемі өткен жылға қарағанда шамамен 10 пайызға артқан.
Құрылыс саласы 120,2 индекске ие болды Қазір облыста құрылыс қарқыны жоғары, мердігерлік жұмыс көбейген, инфрақұрылымға сұраныс жоғары.
Тұрғын үйді іске қосу көрсеткіші 114,0, сауда 114,3. Осы екі көрсеткіш халықтың күнделікті өмірі қозғалыста екенін аңғартады. Бүгінде өңірде үй салынып алынып жатыр. Дүкеннің айналымы жүріп тұр десек болады.
Осы көрсеткіштердің ішінде ең назар аударатын тұсы жеке инвестицияның индексі 122,0 деңгейіне шыққанын айрықша атап айтуға болады. Бұл өңірде бизнес пен инвесторларға тиісінше жағдай жасалынып отырғанының көрінісі.
Инвестиция артқан жерде жаңа цех, жаңа қойма, жаңа қызмет, жаңа жұмыс орны пайда болады. Мұндай өсім бір күнде келмейтіні белгілі. Жергілікті әкімдіктің жобаларды сүйемелдеуі, инфрақұрылымның қолжетімділігі, Алматы агломерациясына жақын нарық факторы жұмыс істегенін байқауға болады.
Сауда мен құрылыс қатар жүрсе, оған қызмет көрсететін шағын және орта бизнес те көбейеді: логистика, жөндеу, материал жеткізу, қоғамдық тамақтану, сервистік қызметтер бәрі бір-бірін сүйрейді.
Алматы облысы өндіріс пен құрылысты күшейтіп, сауда айналымын кеңейтіп, ең бастысы жеке инвестицияны тарта алған. Экономикадағы осындай теңгерім сақталса, келесі кезеңде ауыл шаруашылығын өңдеумен байланыстырып, логистиканы күшейту арқылы өсімді одан әрі сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік бар.

