Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен өңірде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жобалар іске асып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осындай жобаның бірі Жетісай ауданы Асықата кентінде қолға алынған. Жалпы аумағы 1 гектар болатын шағын өндірістік паркте жалпы құны 210 млн теңгені құрайтын 5 өндіріс орны іске қосылады. Мұнда түйіршіктелген құрама жем, темір бұйымдары, құрғақ құрылыс қоспалары, кір сабын мен сусабын, әжетхана қағазы мен майлықтар шығарылады. Нәтижесінде 100-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.
– Өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба жүзеге асады. Ауданда ашылып жатқан индустриялық аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану – экономиканың дамуына маңызды үлес қосады. Жаңа өндіріс орындарын ашуға ниет білдірген инвесторларға заң аясында барлық қолдаулар көрсетіледі. Әсіресе Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтерінің әлеуеті жоғары, – деді аудан әкімі Серік Мамытов.
Соңғы 5 жылда Жетісай ауданына 90,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Алдағы уақытта индустриялық аймақ пен шағын өндірістік парк өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады. Соның арқасында 2030 жылы ауданға тартылатын инвестиция көлемін 419,6 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







