Қазақстан банкінен 55 миллион теңге ұрлап, шетел асқан азамат Швециядан елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күдікті 2018 жылы банк қосымшасындағы техникалық ақауды пайдаланып, өз есепшотындағы қаражаттан әлдеқайда көп соманы заңсыз иемденген. Осыдан кейін ол із суытып, халықаралық іздеу жарияланған еді.
Биыл Қазақстан Бас прокуратурасының сұратуы бойынша күдікті Швецияда ұсталып, елге қайтарылды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалған. Егер кінәсі толық дәлелденсе, оған 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Бас прокуратураның дерегінше, Қазақстан мен Швеция арасында экстрадиция туралы келісім болмағанына қарамастан, 2023 жылдан бері осы елден төрт қазақстандық елге қайтарылған.
Олардың арасында жалған ақша жасаушылар мен алаяқтар да бар.
Ertenmedia бұған дейін ескі Қазақстанға тиесілі Дубайдағы екі вилла сатылып, одан түскен қыруар қаржы мемлекеттік қорға аударылғанын жазған еді.

