Маңғыстау облысындағы жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 97 пайызы жақсы деңгейге жеткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жолдың сапасының артуы ауыл мен қала арасындағы қатынасты жеңілдетіп, жүк тасымалын арттыра түскен.
2025-2026 жылдары өңірде жалпы қашықтығы 491 шақырым болатын 16 жоба бойынша құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Демек алдағы уақытта жақсы жолдардың көлемі арта түсетін болады.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалы биыл 20 пайызға өсіп, 2,5 млн тоннаға жеткен.
Мұнда «теңіз бар, порт бар» деп арқаны кеңге салуға болмайды, порттың түбі тайыз болса, кеме жүкті күтіп қалатыны жасырын емес.
Сондықтан Құрық портында теңіз түбін тереңдету жұмыстары атқарылып, келесі кезеңде Ақтау теңіз сауда портының акваториясында жалғасатыны айтылды. Осындай әрекеттер транзиттің шынайы капиталға айналуын тездетеді.
Маңғыстауда флотты күшейту де қағазда қалып қоймаған. 2027 жылға дейін кемелер саны 6-ға дейін ұлғайту көзделген. Биыл 7 мың тонналық «Nasipkali Marabayev» құрғақ жүк кемесі іске қосылды.
Құрық пен Алят порттары арасында 2028 жылға дейін 6 паром кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп, теңіз дәлізіндегі барыс-келіс артайын деп тұр.
Инвестор тарту нәтижесінде 2026 жылы құны 300 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа теңіз портының құрылысы бірінші кезеңі басталады деп күтілуде. Сонымен бірге «Ақтау – Қазақстанның батыс қақпасы» халықаралық сауда-логистикалық хабын құру жоспары бар. Жобалар толық іске асса, 2030 жылға қарай порттардың өткізу қабілеті 60 млн тоннаға жетіп, 2 700 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жол жөнделсе, өңірдің туризмі де дамудың даңғыл жолына түсетіні белгілі.

